Міне, қасиетті Шағбан айы туды. Пайғамбарымыз мұндай кезде (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Жаратқан Ием, Ережеп пен Шағбан айларында береке бер. Рамазан айына аман жеткізе гөр», – деп дұға қылатын еді.
Шағбан айында Алланың ризалығына бөленіп, сауабына кенелу үшін құлшылыққа ден қойған абзал. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Ережеп айынан қарағанда Шағбан айында ораза ұстауға көбірек көңіл бөлетін, құлшына кірісетін.
Айша (р.а.) анамыз риуаят еткен хадисте: «Хақ елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Рамазан айынан басқа айдың оразасын (ай бойы) толық ұстағанын көрмедім. Шағбан айында ұстағандай көп ораза ұстағанын (басқа айда) көрмедім. Ол Шағбан айының тек кей күнін ғана оразасыз өткізетін. Бәлкім, Шағбанның көп күнінде ораза ұстайтын» дейді. Бұл хадистен Пайғамбарымыздың Рамазаннан кейін ең көп ораза ұстаған айы Шағбан екенін байқаймыз.
Хақ елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір кісіден: «Бұл айдың (Шағбан айының) ортасында ораза тұттың ба?» – деп сұрады. Әлгі кісі: «Жоқ», – деді. Пайғамбарымыз: «Олай болса (Шағбан айында ораза ұстамағаның үшін) оның орнына Рамазан айы біткеннен кейін (аузың ашық болғанда) екі күн ораза тұт» деді (Бұхари, Муслим). Хадистен Шағбан айында кемінде екі күн ораза ұстау керегін көреміз.
Шағбан айында неге нәпіл ораза ұстауға көңіл бөлінеді? Усамадан (р.а.) риуаят етілген хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Бұл сондай ай, адамдар одан бейғам. Ол – Ережеп пен Рамазан айының арасындағы ай. Ол сондай ай, амалдар Алла Тағаланың құзырына көтеріледі. (Жыл бойы) жасаған амалдарым Алла құзырына көтеріліп жатқан шақта ораза ұстағанды жақсы көремін» деген (Насаи). Демек, Шағбан айында жыл бойы жасаған амалдарымыз қортындыланып, Алланың құзырына көтеріледі.
Шағбан айында нәпіл ораза ұстаудың сауабы мол. Әбу Сайдтан (р.а.) риуаят еткен хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кім Алла үшін бір күн ораза ұстаса, Алла оның жүзін тозақтан жетпіс күн қашық қылады» деген (Бұхари, Муслим). Алла Тағаланың разылығын алу мақсатында ықыласпен нәпіл ораза ұстаудың сауабы қаншалықты екенін осы бір хадистен-ақ байқауға болады. Бір күн нәпіл ораза ұстаған мұсылман тозақтан жетпіс жылға алыстайды. Мұны білген мұсылман шамасы келгенше нәпіл ораза ұстауға ұмтылуы қажет.
Міне, Рамазан айы да жақындады. Рамазан айның парыз оразасына санаулы күндер қалды. Рамазаннан Рамазанға дейінгі аралықта, бір жыл ішінде бір күн ораза ұстадық па? Оразаның сауабын бұрын білмесек, бүгін білдік. Парыз намазбен шектелмей, нәпіл намаз оқығанымыз сияқты, парыз оразамен де шектелмей, нәпіл ораза да ұстайық!
Алла Тағала пенделерінің күнәсін жарылқау үшін, жасаған ғибадат, құлшылықтарының сауабын еселеп көбейту үшін, оқыған дұғаларын дереу қабыл ету үшін түрлі айларды, түндер мен күндерді қасиетті қылып, сауабын арттырды. Сондай қасиетті айлардың бірі – шарапаты мол Шағбан айы. Шағбан айының 14-інен 15-іне қараған Барағат түні қасиетті түн саналады. Бұл түнді «күнәдан тазару түні» деп те атайды. Ислам ғұламалары бұл түнге «Қадыр түнінен кейінгі ең ұлық түн» деген баға берген.
Шағбан айының ортасындағы түннің ұлықтығы жайында Әли (р.а.): «Қашан Шағбан айының тура ортасындағы түн келсе, ол түнді ұйқысыз (ғибадатпен) өткізіңдер. Ал күндізі ораза ұстаңдар. Сонда Алла күн батар уақытта дүние аспанына түсіп: «Кешірім сұрап (жарылқауымды тілеп) истиғфар айтушы бар ма? Кешірейін. Ризық-несібе тілеуші бар ма? Ризықтандырайын. Ауру-сырқат, қиналған жан бар ма? Шипасын, жеңілдігін берейін» дейді. Таң атқанша солай жалғасады» делінген. Хазіреті Әлидей ұлық сахаба мұны жайдан жай айтпайды. Мұны Пайғамбарымыздан (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) естіп, өз сөзімен жеткізген.
Шағбан айының ортасындағы түннің күндізі де ерекше уақыт екені белгілі. Бір хадисте Айша анамыз (р.а): «Пайғамбарымызды түндердің бірінде жанымнан таба алмадым. Содан ол кісіні іздеп шықтым. Қарасам, Бақидағы зияратта басын көкке көтеріп, аспанға қарап тұрған екен. Ол: «Әлбетте, Алла Тағала Шағбан айының ортасындағы түнде дүние аспанына түседі әрі Калб қауымының қойларының жүнінің санынан көп күнәні мағфират етеді» деді. Калб – араб қауымы. Сол замандарда ол қауымның қойлары көп болғаны соншалық, санына жету мүмкін емес еді. Бір қойда қанша жүн болатынын кім санап көріпті? Пайғамбарымыз осылай жеткізу арқылы Шағбан айының ортасында Алла Тағала өте көп күнәны мағфират ететінін білдірген. Сондай-ақ бұл түннің өте абзал, қасиетті екенін көрсетіп тұр.
Шағбан арабтың бес әрпінен тұрады. Шин, айн, бә, әлиф, нун. Шин – Алла Тағаланың шарапаты, айн – дәрежесінің көтерілуі, бә – Алланың жақсылығы, әлиф – Хаққа жақындау, нун – Алланың нұры. Яғни, осы айда ораза ұстаған адамға Алланың шарапаты жауады. Осы айда ораза ұстаған адамның Алла құзырындағы дәрежесі артады. Жаратушының жақсылығы төгіледі, Аллаға жақындай түседі және Хақ нұрына бөленеді.
Саңлақ сахабалар Шағбан айын бекер өткізбейтін. Барынша ораза ұстап, құлшылыққа бейімделіп, Құран Кәрім сүрелерін көп оқып, жаттайтын. Жағдайы бар мұсылмандар мұқтаждарға садақа беретін. Сондықтан шарапаты мол Шағбан айын мүмкіндігінше ізгі амалмен, ғибадатпен өткізуге тырысайық, ағайын!
Бақтыбай БЕЙСЕНБАЕВ,
Шымкент қаласының бас имамы