АХАТ АРҚЫЛЫ НЕКЕ ҚИЮДЫҢ ШАРИҒИ ҮКІМІ ҚАНДАЙ?

Неке – ер мен әйелдің шариғат бойынша адал жолмен отбасын құру келісімі[1].

Отбасын құрып, шаңырақ көтеру – адам өміріндегі ең маңызды қадамдардың бірі. Оның шарттары мен талаптары заң жүзінде ғана емес, дін негізінде де дұрыс орындалуы тиіс. Қазіргі таңда елімізде АХАТ[2] арқылы некеге тіркелу мынандай көріністе атқарылуда:

1.Үйленуге ниет білдірген ер мен әйел некеге тіркеу өтінішін оффлайн немесе онлайн тапсырып, белгіленген уақытта неке куәлігін алады.

Шариғи тұрғыдан неке дұрыс болу үшін оның арнайы рүкіндері мен шарттары орындалуы тиіс. Рүкіні – ижаб пен қабул, яғни ер мен әйелдің өзара разылығы[3].

Шарттары:

  • Ижаб пен қабулдың бір орында болуы;
  • Тараптардың бірінің сөзін екіншісі естуі;
  • Тараптардың сөздері бір-біріне қайшы келмеуі;
  • Үйленуге тыйым салынған әйелдер санатынан[4] болмауы;
  • Екі куәгердің (екі ер кісі немесе бір ер, екі әйел) болуы[5].

Сонымен қатар қазіргі қалыптасып отырған жағдайды ескеруі, яғни отбасын құратын қыз бала ата-анасының келісімін алуы міндетті[6].

АХАТ бөлімінің ер мен әйелдің өзара келісімін ғана есепке алып, неке куәлігін табыстауы шариғи некеге жатпайды. Өйткені мұнда шариғат талап еткен шарттар толық орындалмай отыр.

  1. Салтанатты түрде неке қию рәсімін жүргізеді. Салтанатты түрде неке қию некеге тұрушылардың тілектерімен ғана орындалады. Ол некеге тұрушылардың келісімі бойынша Неке сарайында немесе АХАТ қызметкерімен некеге тұрушы тұлғалардың өзара келісімімен басқа жерде тіркеледі. Мұнда үйленетін ер мен әйелдің өзара разылығымен және екі куәгердің немесе уәкілдерінің алдында неке қиылады. Некенің шарттары орындалғандықтан некелері дұрыс саналады. Дегенмен үйленетін ерлі-зайыптыларға неке шарттарын, олардың өзара міндеттемелерін түсіндіру үшін, сондай-ақ ақ батасын беріп, неке құтпасын оқитын ҚМДБ-ның діни қызметкерінің болғаны абзал.

ҮКІМ:

  1. Шариғи тұрғыдан некенің шарттары дұрыс орындалуы үшін неке қию рәсімін діни қызметкер атқаруы тиіс.
  2. АХАТ бөлімі ер мен әйелдің өзара келісімін ғана есепке алып, неке куәлігін табыстауы шариғи некеге жатпайды.
  3. Салтанатты түрде неке қию рәсімі шариғаттың шарттарына сай орындалса, неке дұрыс болып саналады.
  4. Неке сахих (дұрыс) болуы үшін шариғи талаптар орындалуы тиіс.

ҚМДБ Ғұламалар кеңесі

[1] Мухаммад Абу Заһра, әл-ахуалу әш-шахсия, 17.

[2] Азаматтық хал актілерін тіркеу

[3] Ижаб – үйленгелі жатқан тараптың бірі отбасын құруға ұсынысын, ал қабул – екінші тараптың ұсынысына келісімін, разылығын білдіретін сөз.

[4] Анасына (әжелеріне), қыздарына (ұл-қыздарының қыздары және төмен қарай), әпке-қарындастарына (әке-шеше бір не бөлек), немере және нағашы әпке-қарындастарына, бауырының қыздарына және одан төменгі қарай, әпке-қарындастарының қыздарына және төменгі қарай, әйелінің анасына, өгей қызына, өгей ұл-қыздарының қыздарына, келініне, сүт анасына, емшектес қарындасына, әпке-сіңлілерді (сондай-ақ әйелді немере әпкесімен, немере әпкесі мен бауырының қызын, әйел мен нағашы әпкесін, нағашы әпкесі мен сіңлісінің қызын) қосып үйленуге, әйелді қызымен қосып үйленуге, біреудің әйеліне, идда мерзімін күтіп отырған әйелге, кітап иелерінен басқа дін өкіліне үйленуге болмайды. Алайда мұсылман ер адамға әһлі кітап, яғни христиан немесе яһуди сеніміндегі әйелге үйленуіне рұқсат.

[5] Мухаммад Қадри Баша, әл-әхкәму әш-шарғияту фи әл-әхуәли әш-шахсия, 1/42-46.

[6] Қазақстан мұсылмандарының тұғырнамасы, 13.