Әйелдердің қажылығы

Мұсылманның Алла алдындағы бес парызының бірі – қажылық бас бостандығы бар, балиғатқа толған, ақыл-есі дұрыс мұсылман әйелге де адамға парыз. Қажылыққа баратын әйелдердің дені сау, жеткілікті дәрежеде қаражаты болуы тиіс. Сондай-ақ қажылық кезінде ұстануы тиіс бірнеше шарттар бар.

Махрамның болуы. Қажылыққа баратын әйелдің жанында махрамы болуы шарт. Махрам деп қыздың немесе әйелдің неке құруға рұқсат етілмеген жақын ер туыстарын айтады. Махрам санатына жататындар үш түрге бөлінеді: қандас, сүттес және неке бойынша жақын туыстары. Махрамға әкесі, атасы, ұлдары, немерелері, туған аға-інілері, олардың ұлдары, әпке-сіңлілерінің ұлдары, әкесінің туған аға-інілері, туған нағашы аға-інілері, күйеуінің әкесі (қайын атасы), атасы, күйеуінің басқа әйелдерінен туған ұлдары, сүт анасының күйеуі және күйеу баласы. Себебі шариғатта бір анадан емген екі адамның ұл-қыздарына бір-біріне үйленуге болмайды.

Әйелдердің қажылыққа махрамсыз баруы Ханафи мәзһабында құпталмайды. Қажылығы мен ұмрасы дұрыс саналғанымен, махрамсыз барғаны үшін күнә жасағандай болады. Күйеуі өзінің рұқсатынсыз әйелінің үйден шығуына тыйым сала алады. Алайда әйелінің жанында жақын туысы болса, қажылыққа рұқсатсыз бара алады. Өйткені Алла Тағала Құранда: «Алланың үйін зиярат етуге шамасы келетін әрбір адамның қажылыққа баруы – оның мойнындағы Алла алдындағы міндеті», – деген болатын («Әли Имран» сүресі, 97-аят). Аятқа сәйкес, бұл жерде ерінің рұқсаты қажет емес. Өйткені ердің құқығы «айн» (өтелуі тиіс) парыздың (Намаз, ораза, зекет, қажылық секілді рәсімдер. Өйткені бұлар әр мұсылманға шарттарға сәйкес жекелей парыз) алдында қауқарсыз (Әл-Фәтәуәл-Хиндия, І том. 556-бет). Алайда екінші рет қажылыққа бару үшін күйеуінің рұқсатын алуы – міндет.

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Әйел махрамсыз қажылық жасамасын», – деген кезде бір кісі өзінің әскер қатарына жазылып қойғанын, ал әйелінің қажылық жасауды ниет еткенін айтады. Сонда Алла елшісі: «Кері қайт та (яғни соғысқа барма), әйеліңмен бірге қажылық жаса», – деген (Ибн Әбу Шәйбә).

Ихрамда тыйым салынған істер. Әйел кісілер ихрам (қажылық яки ұмра немесе екеуін бірге жасау ниетімен басқа уақыттағы халал кейбір істерді қажылық пен ұмра уақытында өзіне харам қылуы, яғни аталған уақытта тыйым салынған істерді жасауға болмайды) кезінде ерлер секілді тыйым салынған істерді жасауына болмайды. Олар – иіс су себіну, иісі бар сабын мен сусабын қолдану, аң аулау, шаш алу немесе қысқарту, тырнақ алу, некелесу, сүйісу, жыныстық қатынасқа түсу т.б. Сондай-ақ бетін бетжапқышпен және білезіктен төмен алақанын қолғап секілді затпен жабуға болмайды. Жүзін де жаппайды. Алайда ерлер көп жүретін жерлерде бетін орамал секілді затпен бетіне тигізбей сәл көлегейлеуіне рұқсат. 

Киім кию үлгісі. Әйелдердің қажылық кезінде киетін киімінің түсі немесе арнайы бекітілген түрі жоқ. Әурет жерін жауып тұратын, дене мүсінін
көрсетпейтін кез келген түстегі киімді киюіне рұқсат. Алайда Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде: «Ақ киім киіңдер, өйткені ол – киімдеріңнің ең жақсысы», – деген (Риадус Солихин, І том, 779-хадис).

Шаш алу. Сафа және Мәруа төбелерінің арасында сағи рәсімін орындаған соң әйелдер де шашын қысқартады. Олар қажылық кезінде шашының ұшын саусақтың ұшындай көлемде алдырады. Әйелдерге шашын түгел тақырлап алдыруға болмайды. Өйткені хазіреті Әли (Алла оған разы болсын): «Алла елшісі әйелдердің шашын тақырлап алуға тыйым салды», – деген болатын (Нәсәи, Зинәт, 4; Термизи, Хаж, 74). Бірақ дертке шалдығу секілді зәру жағдайларда әйелдерге шашын тақырлап алуына тура келсе, оның жөні басқа. 

Құрбан шалу. Жалпы әйел адамның сойған малы адал. Әйелдің мал союына мына оқиға дәлел. Қағб ибн Мәліктің күңі тауда қой бағып жүреді. Қойдың бірі аяқ астынан жарақаттанып, әлгі күң әлгі малды бауыздап алады. Қағб Пайғамбардан (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) осы жағдайдың пәтуасын сұрағанда, Алла елшісі ол қойдың етін жеуге рұқсат берген болатын (Ахмед пен Бұхари жеткізген. Нәйлул-әутәр, 5/139). Алайда қажылық жасау үшін миллиондаған мұсылман жиналатынын ескерсек, әйелдер орнына «өкіл» ретінде басқа біреуге тапсырып, құрбанын шалғыза алады. Қазақ халқында мал сою – ер адамның ісі. Сондықтан, қазақта әйел соймайды. Бұл дәстүрге, әдепке қатысты жайт. Өйткені әйелдің жаратылысы қашан да нәзік.

Хайыз қанының келуі. Зиярат тауабы – қажылықтың негізгі үш парызының бірі. Қажылар шайтанға тас лақтырған соң зиярат тауабын жасайды. Ихрам кигенде хайыз не нифас халінде болса немесе ихрам киген соң осы жағдайлар орын алып, қажылықтың сегізінші күніне дейін тоқтамаса, зиярат тауабын жасамайды. Минаға барып, қажылықтың барлық рәсімін орындайды. Бірақ қашан тазаланғанша зиярат тауабын жасамайды. Зиярат тауабын жасаған соң әлгіндей жағдайлар орын алып, еліне қайтатын уақыты болса, қоштасу тауабын жасамаса да болады. Сондай-ақ хайыз кезінде Сафа мен Мәруа арасында сағи рәсімі орындала береді. Өйткені Айша (оған Алла разы болсын) анамыз былай деген: «Қажылық жасап жүрген кезімде хайыз келді. Сонда маған Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Қағбаны тауап етуден басқа қажылық рәсімінің бәрін орында», – деп бұйырды» (Термизи, 945).

Әйелдерге дәрігерлермен кеңесе отырып, қажылық немесе ұмра ғибадаттарын өтеу үшін хайыз қанын мерзімінен бұрын келтіру немесе тоқтату үшін арнайы дәрі-дәрмек қолдануға рұқсат етіледі. Егер дәрігерлер ол дәрі-дәрмекті қолдану әйелге зиян тигізеді деген қорытындыға келсе, рұқсат жоқ. Себебі Исламда адам өзіне де, өзгеге де зиян тигізбеуі керек. Сонымен қатар әйел тәлбияны ерлер сияқты дауыстап айтпайды. Тауап кезінде және Сафа мен Мәруа арасында тездетіп жүрмейді. 

Ислам дінінде әйелдер де ерлер секілді Алланың парыз еткен құлшылықтарын еркін орындай алады. Дінімізде әйелдерге белгілі дәрежеде құрмет жасалып, нәзік жаратылысына сәйкес мойнына жүктелген әрі шамасы келетін құлшылықтар жасау арқылы ерлерге берілетін сауаптарға қол жеткізуге мүмкіндік берілгенін байқаймыз. Айша анамыз (Алла оған разы болсын) Алла елшісінен (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Әйелдерге соғысқа аттану міндет пе?» – деп сұрағанда ол: «Әйелдер қажылық пен ұмра жасау арқылы отанын қорғағандай сауап алады», – деп жауап берген (Ахмед, Ибн Мәжа). Аталған хадис арқылы Пайғамбарымыз әйелдердің дініміздегі орны мен оларға деген құрметін баян етті.

Қорыта айтқанда, Ислам дінінде қажылық парыз болған әйелдерге қажылық парызын орындауға толық мүмкіндік берілген. Шариғатымыздағы қажылыққа баратын әйелдерге қатысты кейбір шарттар әйелдердің қауіпсіздігіне және олардың өзіне тән ерекшелігіне байланысты қойылған. Сондықтан әйелдер қажылық парызының сауабын толық алуы үшін дініміз көрсеткен талаптар мен ережелерді сақтағаны абзал.

Серікжан ЕНШІБАЙҰЛЫ,

Ақтөбе облысының бас имамы

«Иман» журналы, №6, 2023 жыл