Назарларыңызға жылдың қорытынды сұхбатын ұсынып отырмыз.
– Өтіп бара жатқан жыл ел жалпы, тұтас әлем үшін оңай болған жоқ. Пандемия төрткүл дүниені абдыратып тастады. Әңгімені осы мәселеден бастасақ. Пандемия мешіт жұмыстарына қалай әсер етті?
– Иә, пандемия өмір сүру образымызды біраз өзгертті. Тәуелсіздік тарихында тұңғыш рет мешіттеріміз жабылды. Бес уақыт намаз, жұма намазы тоқтады. Бірақ, қандай қиын жағдайларға қарамастан, мешіттерімізде азан тоқтаған жоқ.
Қалыптасқан ахуалға байланысты, біз мешіттеріміздің жұмысын жаңаша форматта жалғастырдық.
Біріншіден, онлайн уағыз. Онлайн дәрістер.
Айталық, карантинге дейін 7 видеоуағыз, офлайн форматта 527 уағыз жүргізілген болса, бұл кезеңде уағыз – насихат 79 050 адамды қамтыды.
Карантин кезінде облыс мешіттері бойынша 901 видеоуағыз жүктеліп, 313 350 қаралым алды. Және 582 онлайн дәріс өткізіліп, 203 700 адам қатысты.
Мешіттеріміз осылайша, жаңа медианың мүмкіндіктерін толықтай пайдаланды. Уағыздар, дәрістер ғаламтор арқылы жүргізілді. Бұл аудиторияның кеңеюіне ықпал етті.
– Төтенше жағдай тұсында, карантин уақытында да қайырымдылық бағытындағы шаралардың да тоқтамағанын білеміз.
– Жалпы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бекітуімен, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мешіттерге жұмыстың негізгі төрт бағытын бекітіп берді. Оның қатарында қайырымдылық шаралар да бар.
Мүфтият төрағасының бастамасымен пандемия ушығып тұрған кезде ел бойынша «Өмірге үміт сыйла» акциясы ұйымдастырылды.
Аталмыш акция аясында облыс мешіттерінің тікелей ұйытқы болуымен, аймақтағы емдеу мекемелеріне 10 жасанды тыныс алу аппараты, 83 оттегі концентраты табыс етілді.
Аппараттар Атырау қаласымен бірге, аудандардағы және шалғай ауылдардағы аурухана, амбулаторияларға тапсырылды.
Сонымен бірге, «бірінші толқын» кезінде коронавируспен науқастанып қалған және мұқтаж отбасыларға облыс бойынша 7000 дана дәрі-дәрмек таратылды.
Бұдан бөлек, «Мектепке жол» акциясы аясында 185 отбасы балаларына оқу құралдары, қырық телефон табыс етілді.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының 30 жылдық мерейлі датасы аясында аймақта Қасым хан мешіті ашылды.
Облыс мешіттері аулаларына 841 көшет егілді. Оның қатарында қара талдармен бірге, жеміс ағаштары да бар.
Орталық «Иманғали» мешітінің атсалысуымен бір көпір жөнделіп, шалғай ауылдардан 2 құдық қазылды.
Пандемияға байланысты онлайн форматта өткен Құрбан айт кезінде 4116 отбасына 43 тонна ет таратылды. Облыс бойынша 6000 балаға Құрбан айт сыйлығы үлестірілді. Жалпы, Құрбан айттан бөлек, жыл бойына 7179 отбасына 40 сиыр еті, 880 қой еті таратылды.
– Әрине, қайырымдылық мешіт тіршілігімен біте қайнасып кеткен дүние десек те болады. Білуімізше, биыл Атырау мешіттері көптеген отбасына баспана қуанышын сыйлады…
– Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының «Ел үлесі – пәтерге» жобасы аясында биыл 18 мұқтаж отбасына баспана берілді. Мешіттердің ұйытқы болуымен берілген баспаналар негізінен көп балалы отбасыларды, мүмкіндігі шектеулі азаматтарды, әлеуметтік жағдайы төмен шаңырақтарды қамтыды.
Расымен, бір жылда осынша пәтердің берілуі бұрын-соңды облыс тарихында болмаған жаңалық.
- Оңалту бағытындағы жұмыстар туралы айта кетсеңіз…
– Пандемияға қарамастан, бұл бағытта да нәтижелі жұмыстар болды. Мәселен, мешіт имамдары өткізген жеке кездесулер, дәрістер нәтижесінде жат ағым жетегінде жүрген 40 адам дәстүрлі мәзһабқа оралды. Бүгінгі таңда 17 адам ханафи мазхабына бейімделуде. Жыл ішінде, 93 жалпы профилактикалық іс-шара өтіп, 5021 адам қамтылды. Жат ағымның алдын алу мақсатында 9000 кітап таратылды.
- Алдағы жоспарлар туралы айта кетсеңіз…
Алдағы 5-7 жылда облыста тағы 25 мешіт салу жоспарлануда. Оның төртеуі Атырау қаласында бой көтереді. Қалған мешіттер құлшылық үйі жоқ ауылдарда салынады.
Қазіргі таңда мешіттердің нақты салынатын орындары бекітілді. Мешіт салудың да өзіндік талаптары бар. Мәселен, мешіт ең алдымен заманауи және қазаки нақышта салынуы тиіс. Сонымен бірге, мешіт жанынан имам үйі, асхана, дәретханасы салынуы керек. Осындай құрылыстардың барлығын демеуші толықтай өз жауапкершілігіне алуы тиіс. Мұндай шарт жергілікті жерлерге діни кадрларды тұрақтандыру үшін маңызды.
Сонымен бірге, облыста қарилар дайындау орталығын және медресе салу жоспарлануда.
Сұхбаттасқан: Баян ЖАНҰЗАҚОВА
Биыл атыраулық 33 шәкірт діни оқу орындарына түсті.
2019 – 2020 жылы Нұр-Мүбарак египет – ислам университеті және медреселерді атыраулық 17 түлек бітіріп шықты.
Атырау облысы бойынша 33 мешіт, 87 діни қызметкер бар.