Пандемияға байланысты, қалалық жерлерде құрбандықты онлайн форматта шалу ұсынылып отыр. Десе де, ауылдық жерлерде санитарлық талаптарды сақтай отырып, құрбандықты үй жағдайында шалуға шектеу жоқ.
«Бұл туралы Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты» деп хабарлайды орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз-қызметі.
«Құрбандық шалу – Аллаға жақсы амалдар арқылы жақындау деген сөз. Осы ретте Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы qurban2021.kz сайтын ашып отыр. Демек, қала тұрғындары qurban2021.kz сайтына тапсырыс беру арқылы, үйде отырып онлайн форматта құрбандық шала алады. Ол үшін, қажет малды таңдап, тиісті қаражатты төлей аласыз. Кейін онлайн есеп алу батырмасын басасыз. Қазірдің өзінде аталмыш сайт арқылы тапсырыс беру басталды» деп атап өтті Бас имам Алтынбек Ұтысханұлы.
Еске сала кетелік, құрбан малы дені сау, мінсіз болуы керек. Құрбандыққа қой, ешкі, сиыр, түйе шалынады. Және қой мен ешкі бір жасқа жетуі керек, ал, ірі – қара екі жасқа, түйе бес жасқа толуы шарт.
Қасиетті Құрбан айт мерекесі 20 шілдеде басталады. Құрбандық Айт намазынан кейін шалынады.