Қызылқоға ауданына жұмыс сапарымен барған Алтынбек Ұтысханұлы жергілікті орталық мешітте жұма намазын өткізді.
«Білім алу» тақырыбында насихат айтқан Бас имам жамағатты үздіксіз ізденіске шақырды.
«Қазіргі заманғы ғылымдарды игеріп, дамуға кедергі келтіретін надандық, кедейлік және идеялық жікшілдікпен күресудің аты да жиһад. Ислам бізге ілім алуды, яғни дұрыс білім алуды бұйрады. Өкінішке орай, білімсіздік мұсылман жамағатын жік-жікке бөліп, Ислам әлеміне қара күйе жақтырады. Сол себепті ілімсіздіктің залалы шаш етектен екендігін ұмытпайық.
Алла Құранда бірнеше аятта адамдардың ілімсіздігі мен сауатсыздығынан күнәға, ширкке түскендігін және олардың бұл білімсіздігі олар үшін сылтау болмайтындығын білдіреді.
Білім мен тәрбие әрқашан негізгі өзекті мәселе болып келгендігі баршамызға белгілі. Қазір заман өзгерді, талап өзгерді. Бүгінгі бала-ертеңгі ел болашағы» деді Бас имам Алтынбек Ұтысханұлы.