Ақкөл мектебінде ата-аналар жиналысы өтті

Құрманғазы ауданында Ақкөл жалпы орта мектебінде ата-аналармен кездесу ұйымдастырылды. Жиналысқа округ әкімі, мектеп директоры және Құрманғазы аудандық мешітінің бас имамы Шалқар Дәулетханұлы қатысты.

Кездесу барысында бала тәрбиесінің маңыздылығы, мектеп формасының сақталуы, ата-ананың рұқсатынсыз діни орындарға бармау, сондай-ақ деструктивті діни ағымдардың алдын алу мәселелері талқыланды. Сонымен қатар, баланың тәрбиесіндегі ата-ананың және мұғалімнің рөлі жөнінде кеңінен пікір алмасып, түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Бас имам Шалқар Дәулетханұлы өз сөзінде:
«Бала — ата-ананың аманаты. Оларды рухани және моральдық тұрғыдан дұрыс тәрбиелеу — әрбір ата-ананың қасиетті борышы. Қазіргі қоғамда түрлі теріс діни ағымдар мен жат көзқарастар белең алып жатқанын ескере отырып, ұл-қыздарымызды сенімді, елжанды, білімді етіп тәрбиелеуіміз қажет. Отбасы мен мектеп осы бағытта бірлесе жұмыс істеуі маңызды», — деді.