Мейірімді де рахымды Алланың атымен бастаймын. Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға Алланың игілігі мен сәлемі болғай!
Адам баласы мына сынақ өмірге келгеннен кейін жасайтын әрбір іс-амалдарына қоршаған ортасының әсер ететіні ап-айқын. Солардың ішінде әрбір адамның өз ортасына сай достары да болады. Кісі егер де жақсы достармен жолдас болса, сол достарының оның мінезі мен дүниетанымына тікелей әсер ететіні рас. Сондықтан да әрбір адам осы дүниеде жақсы достармен жолдас болғаны дұрыс. Сөзге тиек ретінде сөздердің ең ұлысы болған Құраннан бірнеше аят келтіре кетейік:
«Қиямет күні тақуа достардан басқа достар бір-біріне дұшпан болады» (Шура 67). Бұл аяттан түсінетініміз, осы дүниеде бір-біріне жақсылықты, салиқалы істерді үндеген шынайы тақуа достар, қиямет күні де сізге шынайы дос екенін дәлелдейді. Ал керісінше бұл дүниеде бізді күнәға, жеккөрінішті істерге итермелеген жаман достар, ақыретте бізден қашып, істеген күнәсі үшін бізден безіп кететін болады. Алланың елшісі де бұған байланысты былай дейді: «Кісі досының дінінде, кіммен дос болып жүргеніңізге мән беріңіз» (Муснад Ахмад 8028). Яғни кім қандай адаммен дос болса, демек ол да досы қандай іспен айналысса сол іспен айналысатыны рас.
Досы зинақор болса, ол да зинақор немес т.б. Ал керісінше досыңыз тақуа болып, оны көрген кезде сіз Алланы және ақыретті еске алатын болсаңыз, сіз де сол досыңызға еліктеп, тура жолға қарай ығысатыныңыз белгілі. Қазақтың дана ақыны Абай айтқанындай: «Кісі үш адамнан тәрбие алады – ұстазынан, ата-анасынан, досынан, бірақ та кімді көбірек жақсы көрсе, содан көбірек тәрбие алатын болады». Қарап отырсаңыз қазақ ойшылдарының да айтқан сөздері құран мен хадиске керіағар емес.
Дос, бауырға қатысты қазақта көптеген даналық, нақыл сөздер жетіп жатыр. Солардың бірнешеуі былай деп келеді: «Жүз теңгең болғанша, жүз досың болсын», «Аққуды атпа, досыңды сатпа», «Дос жылатып, дұшпан күлдіріп айтады», «Дос қиындықта, қатын жоқшылықта сыналады», т.б. Жалпы адам баласы осы өмірде және ақыретте де жақсы өмір сүруі үшін оған қашан да жақсы орта қажет болады. Егер де баланың ортасы жаман болса, сол баланың бұзылып, жолдан таюы да оңай болады немесе керісінше.
Қазақтың тағы бір нақыл сөзіне назар аударсақ, «Жалғыз шапқан ат жүйрік», дейді. Бұл сөзден түсінетініміз, кісі жападан- жалғыз жүрген кезінде, ол өзіне өте жоғары баға беріп, өзін бәрінен де мықтымын деп ойлайды. Ал оның қасына бір досы, бауыры келіп, ол айналысып жүрген іспен сол досы да бірге айналысатын болса, онда сол кісі сол жерде өзінің деңгейі қандай екенін біледі.
Міне, сондықтан да жалғыз шауып бара жатқан ат өзін жүйрікпін деп санайды. Қорыта айтқанда кісі елуге дейін құрдастарымен жүрсе, елуден кейін қадірімен жүреді дегендей, қасыңызда дос, жолдастарыңыз бар кезінде, солармен жарысып, өмірде шыңдаласыз және өмірдің сәні мен мәні де дос, жолдастар бар кезінде байқалатыны рас. Алла Тағала барлығымызға екі дүниеде де тақуа жолдастармен бірге болуға нәсіп еткей!
Санат Бөлекбайұлы,
Атырау селолық мешітінің имамы