Араб тілінде «әл-истиқама» сөзі –туралықты ұстану, тік тұру, тура болу деген мағынаны білдіреді.
Терминдік мағынасы: Туралық (әл-истиқама)- хақ діннің жолына түсіп, одан оңды солды ауытқымау, діннің барлық бұйрықтарына бағынып, тыйымдарынан тыйылу.
Адам баласының табиғатында әлсіреу, өзгеру сынды сипаттар бар. Осы себепті де кей адамдар өзіндік ұстанымынан ауытқып, орындап жүрген құлшылықтарын таптап қойып жатады. Бұлай істеу –қанша уақыт қиналып үй тұрғызып, кейін оны бұзып тастаудың мысалына ұқсас. Алла тағала Құрани Кәрімде: «Жібін мықтап иіргеннен кейін тарқатқан әйелге ұқсас болмаңдар»,[1]- деген.
Жібін қанша уақыт машақатпен иіргеннен кейін, сол жіпті тарқату қаншалықты ақылға сыйымсыз көрінсе, жақсылық амалдардан кейін күнәлі іске бет бұру одан да сорақы. Ал басқа бір аятта Алла тағала: «Раббыңа өлім келгенге дейін құлшылық ет»– делініп, адам баласына соңғы демі шыққанға дейін тағат құлшылықта болуға әмір етілген. Кез келген жанға тура жолдан айнымай, өзіндік бір қылықтылықты сақтау үшін «туралық- истиқама» сипаты қажет.
Туралықты ұстану – Алла Тағаланың бұйрығы. Құранда Алла Тағала: «Бұйырылғаныңдай туралықта бол! Әрі сенімен бірге тәубе еткендер де (туралықта болсын). Артық кетпеңдер! Алла не істегендеріңді толық көруші»,[2]- деп айтқан.
Пайғамбарымыздың (с.а.с) тәлімін көрген ғалым сахабалардың бірі Ибн Аббас (р.а) осы аятқа қатысты: «Пайғамбарымыздың (с.а.с) түсірілген аяттардың ішіндегі ең қатты әрі ауыр тигені осы аят еді. Тіпті Пайғамбарымыздың (с.а.с) шашында ақтар пайда болып, сахабалар оның мәнісін сұрағанда, «Һуд» сүресінде қамтылған осы аяттың себебінен ағарғандығын айтқан еді»,[3]- дейді.
Пайғамбарымыздың (с.а.с) өсиеті. Әбу Амр Суфйан ибн Абдуллаһ (р.а) былай дейді: Бірде мен «Иә, Алланың елшісі (с.а.с), маған өзіңнен басқа ешкімнен сұрамайтындай Ислам жайлы бір сөз айтшы»,- дедім. Сонда ол (с.а.с): «Аллаға иман келтірдім,-де, сосын туралықты ұстан»,[4]-деді. Бұл хадисте екі нәрсе өсиет етілуде. Біріншісі- иман келтіру, ал екіншісі – туралықты ұстану.
Туралықты қалыптастыратын факторларНәпсімен күресу. Туралықта болу үшін ыждаһаттылықты және нәпсімен күресті талап етеді. Алла Тағала Құрани кәрімде: «Сондай Біз үшін күрескендерді әлбетте тура жолымызға саламыз. Рас, Алла жақсылық істеушілермен бірге»,[5]-делінген.
Құлшылықта тұрақты болу. Алла Тағала Құранда: «Әй, адам баласы! Сендерге «Шайтанға табынбаңдар. Әрине ол, өздеріңе ашық дұшпан»,-деп, өсиет етпедім бе? «Маған құлшылық қылаңдар. Тура жол осы!»,[6] -деп айтқан.
Алла елшісін (с.а.с) әркез үлгі тұту. Туралық жолын ең көркем ұстана білген Пайғамбарымыз (с.а.с) екендігі сөзсіз. Алла Тағала Пайғамбарымыз (с.а.с) жайында Құран кәрімде:«Сен әлбетте тура жол үстіндесің»,[7]-деген. Ал келесі бір аятта Пайғамбарымызды (с.а.с) үлгі тұтқан адамның да туралықта болатындығын Құранда кәрімде: «Расында, сен тура жолға бастайсың»,[8]- деп айтылған. Пайғамбарымызды (с.а.с) танымайтындар Онымен алғаш сөйлескендерінде: «Уаллаһи, бұл жалғанның жүзі мен үні емес» – дейтін. Біздер бұл дүниеде кімді үлгі тұтып жүргенімізге бір сәт назар салып қарау керекпіз. Хазіреті Омар (р.а) былай дегені риуаят етіледі:
«Мына үш нәрсе болмаса дүниеде қалуды қаламас едім:
- Жақсы аттарға мініп, Аллаһ жолында соғысу.
2. Түнгі құлшылықтың қиындығы мен машақатына шыдау.
3. Құрманың тазасын таңдағандай сөз тазасын таңдайтын кісілермен бірге болу». Білім алу. Мұсылман адам Жаратушысы алдында атқарып жүрген құлшылықтарының мән-мағынасын білімнің аясында таныса, құлшылығын ықыласпен атқарып, әрі оны орындауда бекем болады. Алла Тағала құран аятында бізге ол жөнінде былай дейді: «Ғылым берілгендер, Құранның Раббыңнан бір ақиқат екендігін біліп, оған сеніп және оған жүректері берілуі үшін. Күдіксіз Алла, иман келтіргендерді әлбетте тура жолға салды»,[9]-деген.
Құран аяттары жайында ойлану әрі оларға амал ету. Құран – Алланың берік тұтқасы әрі ашық нұры. Ол тұтқадан ұстағанды Алла Өзі сақтап, ол нұрға ергендерді Алла Өзі құтқарады. «Алла Тағала Құранның бір уақытта емес, белгілі уақыттар арасында бөлім-бөлім болып түсірілу себебін «адамдардың дінде тұрақты болуы үшін» деп түсіндіреді: Және кәпір болғандар «неге оған (Пайғамбарға ) Құран бір бүтін жинақ болған түрде түсірілмеді?» десті. Біз оныменен (Құранмен ) жүрегіңді бекем (тұрақты) ету үшін осылай (бөлек –бөлек түрде) түсірдік және (саған) оны (Құранды) анық етіп оқыдық. Олар саған бір мысал келтірсе, Біз саған (ол мысалға жауап ретінде) ақиқатты және көркем түсінікті келтірдік», [10]-деген.
Ал келесі бір аятта Алла Тағала: «Расында, ол (Құран) бүкіл әлемге насихаттан басқа еш нәрсе емес. Әрине, сендерден тура жолды қалаған кісілер үшін. Әлемдердің Раббысы Алла, қаламайынша тілеулерің жүрмейді»,[11]-деген. Құранға ой жүгірту керекпіз Алла Тағала адам баласына ақыл берді, сана берді ойланып толғану үшін.
Дұға жасау: Алла Тағала құлдарының ішінде қалағанын тура жолға салады. Құранда бұл жайында: «Алла қалағанын тура жолға салады», [12]- деп айтылған. Осы себепті де мұсылмандар әр намаз сайын оқылатын «Фатиха» сүресінде Алла Тағалаға «тура жолға бекіте гөр» деген ниетте:«Бізді тура жолға сал гөр!»,-деп күніне бірнеше рет намазда дұға қылады. Мұсылманның қаруы дұға әрдайым тұрақтылықта және туралықта болу үшін, дұға жасау керек.
Туралықты ұстаған мұсылманда, оның мінезінен, туралығы жүзінен және үнінен белгілі болып тұрады. Алла Тағала өзі тура жолға салғаннан кейін өзінің хақ жолынан тайып кетуден өзі сақтасын.
Біләл САҒЫНДЫҚОВ,
«Мақат аудандық» мешітінің бас имамы.