Аса қамқор, ерекше Мейірімді Алланың атымен бастаймын!

Құрметті мұсылман бауырлар, ардақты ағайын!

Сіздер барша мұсылман қауымының ұлық екі мерекесінің бірі-Ораза айтымен шын жүректен құттықтаймын! Күні кеше ғана бір ай бойы ұстаған оразамыз да аяқталып, бүгінгі қуанышпен тойлайтын мерекеге де жеттік. Пайғамбарымыз \с.ғ.с.\ хадисінде: «Кімде-кім Рамазан оразасын Аллаһ разылығы және сауабы үшін ұстаса оның бұрынғы күнәлары кешірілер. Ал Қадір түнінде ояу отырып, намаз оқығанның әуелгі күнәлары кешірілер» -деген. Қасиетті айда сан мыңдаған жамағаттарымыздың қатысуымен мешіттерімізде тарауих намаздары оқылып, бірқатарында Құран хатым етілді. Кім-кімге де белгілі Құран хатым етілген ауылда, кентте, қалада, жалпы, сол елде береке, ынтымақ артып, Аллаһтың нұры жауады. Қадір түнін де жамағаттар мешіттерде қарсы алып, құлшылықпен көрер таңды көзбен атырды.

Дініміздегі мейрамдар мұсылман қауымын ғана емес, баршаға адамзат баласын ынтымақ пен берекеге үндеп, сыйластық пен бауырластыққа шақырады.

Бұл күні сүйікті хазреті Мұхаммед \с.ғ.с.\ пайғамбарымыз  айт намазына таза киімдерін киіп, хош иістеніп, үйінен дәм татып шығатын. Жыл бойына жіберіп алған қателіктерімізді шынайы көңілмен кешірісуді насихаттаған. Бұл күні мұсылмандар өз бауырларымен қуаныштарын бөлісіп, кембағал, жетім–жесір, мүгедек жандарға қолынан келгенше сыйлық тартады, ауру –сырқаулардың халін біліп, оларға Аллаһтан шипа тілейді. Мұсылмандар бір-бірінің үйіне барып, зиярат етеді. Ата-анасы мен туған-туыс, дос-жарандарымен жолығады. Алыста болса хабарласып, ізгі тілектер білдіріседі.

Олай болса, Ораза Айт құтты болсын! Қасиетті айда ұстаған оразамыз, жасаған дұға-тілектеріміз, құлшылық-ғибадаттарымыз, әрбір қайырлы амалдарымыз қабыл болғай! Алла Тағала отбасымызға амандық, жұмысымызға береке нәсіп еткей! Тәуелсіздігіміз тұғырлы, мемлекетіміздің мерейі әрқашан үстем болғай! Әмин!

Құрметпен,

Атырау қалалық «Құспан молла» мешітінің

 Бас имамы Эммат Сұлтанғалиұлы Ғұмаров