АТЫРАУ ИМАМДАРЫ ФОРУМДА ҚАБЫЛДАНҒАН ҚҰЖАТТАРДЫҢ МАҢЫЗЫН ТАЛҚЫЛАДЫ

Атырау облысының бас имамы Болатбек Ұласқанұлының төрағалығымен “Иманғали” орталық мешітінде өңір имамдарына арналған алқалы жиын өтті.

Басқосуда қоғам үшін маңызды мәселелер талқыланып, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жуырда өткен Республикалық форумында қабылданған екі өзекті құжат кеңінен таныстырылды.

Атап айтқанда, имамдарға «Қазақ халқының дәстүрінде және Ислам дінінде отбасы құндылығы» тұғырнамасы мен «Құдайы ас беруде ысырапқа жол бермеу (мәзірі мен тәртібі)» құжатының мазмұны мен мәні түсіндірілді. Бас имам бұл құжаттардың қоғамдағы рухани тәрбие мен діни мәдениетті қалыптастыруда, сондай-ақ дәстүр мен шариғаттың үндестігін нығайтуда маңызы зор екенін атап өтті.

«Қазақы таным мен Ислам тағылымы бір-бірімен үйлескен құндылықтар. Отбасы – қоғамның іргетасы. Ал, құдайы ас беру – шариғатқа сай әрі қарапайым үлгіде өтуі тиіс. Осы бағытта қабылданған құжаттар – ел ішіндегі рухани тәртіп пен бірізділікті қамтамасыз етуге бағытталған», – деді Болатбек Ұласқанұлы.

Жиын барысында имамдар жаңа құжаттарды іске асыру жолдарын пысықтап, уағыз-насихат жұмыстарында кеңінен қолдану қажеттігіне тоқталды