Атырау имамдары – имамдар форумында қабылданған құжаттарды насихаттауда

Атырау облысының имамдары Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ұйымдастырған имамдар форумында қабылданған құжаттарды жамағат арасында кеңінен насихаттауда.

Бұл құжаттар дін қызметкерлерінің этикалық ұстанымдарын, уағыз-насихат мәдениетін, сондай-ақ қоғаммен байланыс және жауапкершілік қағидаттарын айқындайды.

Облыс мешіттерінде имамдар форумының шешімдерін түсіндіру бағытында кездесулер мен дәрістер өткізіліп, жамағатқа «Дін мен дәстүр» үндестігі, имам әдебі, отбасы және рухани құндылықтар тақырыптары бойынша насихаттар айтылуда.

Атырау облысының бас имамы Болатбек Ұласқанұлының айтуынша, бұл жұмыстардың басты мақсаты – қоғамда имандылықты нығайту, дін қызметкерлерінің бірізді жұмысын жолға қою және ҚМДБ ұстанған орта жолды кеңінен түсіндіру.