АТЫРАУ ИМАМДАРЫ ЗАҢ ТАЛАПТАРЫ ТАЛҚЫЛАНҒАН ЖИЫНҒА ҚАТЫСТЫ

Атырау облыстық дін істері басқармасының ұйысмдастыруымен діни қызмет саласындағы жаңа заң талаптары талқыланды. Кездесуге түрлі конфессия өкілдерімен бірге өңір имамдары да қатысты. Жиынға облыстық дін істері басқармасының бөлім басшысы Мұхтар Шарапиденұлы төрағалық етті.

Атырау облысының бас имамы Болатбек Ұласқанұлы жиында сөз алып, қоғамдағы рухани тұрақтылықты сақтау әрбір діни бірлестіктің ортақ міндеті екенін атап өтті. Ол мешіттер тарапынан жасалып жатқан ақпараттық-түсіндіру жұмыстары, жастармен кездесу, дін тұрғысындағы сауат арттыру бағытындағы шаралардың маңызын ерекше атап өтті.

Имам өз сөзінде заңдағы жаңа талаптарды орындау – тек міндет емес, сондай-ақ қоғам алдындағы жауапкершілік екенін айтты. Сонымен бірге, интернет кеңістігінде таралып жатқан күмәнді діни ағымдарға қарсы бірлескен профилактикалық жұмыс қажет екенін жеткізді. «Қоғамның тыныштығы мен бірлігі – бәрімізге ортақ құндылық. Осы жолда әр ұйымның өзара құрметі мен ынтымағы аса маңызды» деді бас имам.

Жиында мамандар заңсыз діни материалдар мен әлеуметтік желідегі қауіптер туралы ақпарат беріп, қатысушылар өңірдегі діни ахуалға қатысты ұсыныстарын ортаға салып, пікір алмасты.