Атырау имамдарына ақида ілімінен дәріс өтті

Атырауда имамдарға арналған «Қазақ даласындағы сенім мектебі» тақырыбында семинар ұйымдастырылды. Шараны Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінің ұстазы, белгілі исламтанушы Нұржан Смағұлов жүргізді.

Семинар барысында ұстаз қазақ даласында ғасырлар бойы қалыптасқан діни-рухани мектептердің ерекшелігі, ақида ілімінің дамуы және дәстүрлі ислам түсінігінің негіздері туралы кеңінен әңгімеледі. Сондай-ақ қазіргі таңда діни танымдағы бірқатар өзекті мәселелерге тоқталды.

— «Қазақ даласында ғасырлар бойы сенім мәселесінде Әбу Мансұр әл-Матуриди ұстанымы берік орнықты. Бұл — халқымыздың бірлік пен тұрақтылықта өмір сүруінің негізгі себептерінің бірі», – деді Нұржан Смағұлов.

Облыстың бас имамы Болатбек Ұласқанұлы қонақты таныстырып, семинардың маңыздылығын атап өтті.
— «Дәстүрлі діни түсінікті терең тану – қоғамдағы тұрақтылықтың кепілі. Бүгінгі басқосу осы бағыттағы білімімізді арттыра түсті», – деді бас имам.