АТЫРАУ МЕШІТТЕРІНДЕ «РАМАЗАН СЫЙЫ» АЯСЫНДА 500 ОТБАСЫҒА КӨМЕК КӨРСЕТІЛДІ

Атырау облысындағы барлық мешіттерде қасиетті Рамазан айына орай «Рамазан сыйы» қайырымдылық жобасы аясында бір мезетте ауқымды игі іс ұйымдастырылды. Нәтижесінде өңір бойынша 500 отбасыға азық-түлік себеттері таратылды.

Аталған шара Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бастамасымен «Зекет және қайырымдылық қорының ұйымдастыруымен жүзеге асқан. Биыл ел Тәуелсіздігінің 35 жылдығына орай ҚМДБ республика көлемінде 35 мың отбасыға қайырымдылық көмек көрсетуді мақсат еткен «Рамазан сыйы» қайырымдылық марафонын ресми түрде бастады.

Қайырымдылық марафонының ашылуына ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы арнайы қатысып, игі істің маңыздылығына тоқталып, жамағатты сауапты амалдарға үлес қосуға шақырды.

Ал Атырау өңірінде облыстың бас имамы Болатбек Ұласқанұлы мұқтаж жандарға насихат айтып, қасиетті Рамазан айының мейірім мен өзара көмекке негізделген ай екенін атап өтті. Ол демеушілік жасап, қайырымдылыққа үлес қосқан азаматтарға алғысын білдіріп, көмекке ие болған отбасыларға ізгі тілегін жеткізді.

Айта кетейік, «Рамазан сыйы» қайырымдылық жобасы аясындағы бұл шара Атырау облысындағы барлық мешіттерде бір мезетте ұйымдастырылып, әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған, көпбалалы және мұқтаж отбасыларды қамтыды. Игі бастама Рамазан айы бойы жалғасын табады.