Атырау облысы имамдары «Таза Қазақстан» жалпыұлттық республикалық акциясы аясында игі істерге атсалысуда. Игі бастаманың мақсаты – қоршаған ортаны қорғау, елді мекендерді көркейту және қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастыру.
Акция барысында өңір имамдары мен мешіт жамағаты бірігіп, мешіт аулаларын тазалап, абаттандыру жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар, зираттарда тазалық шаралары ұйымдастырылып, қорымдар қоршалып, арамшөптерден тазартылды.
Атырау облысының бас имамы Болатбек Ұласқанұлы бұл шараның мән-маңызына тоқталып:
«Тазалық – имандылықтың жартысы. Мешіт ауласын, қорымдарды, қоғамдық орындарды таза ұстау – әрбір мұсылманның парызы. Бұл бастама қоғамның рухани және экологиялық мәдениетін арттыруға бағытталған игі іс. Барша жамағатты табиғатты аялауға, туған жердің тазалығына үлес қосуға шақырамыз», – деді.
Жергілікті жамағат пен жастар да бұл шараға белсене қатысып, ортақ іске өз үлестерін қосты. Имамдар тазалықты сақтау – тек бір реттік іс емес, күнделікті өмір салтына айналуы тиіс екенін атап өтті.

































