Атырау имамдары жартыжылдық жұмысты қорытындылады

Атырау облысының Бас имамы Болатбек Ұласқанұлының төрағалығымен облыс имамдарының 2025 жылдың жарты жылдық жұмыс есебі тыңдалды. Жиынға қала және аудан мешіттерінің бас имамдары, сондай-ақ ҚМДБ бекіткен төрт негізгі бағыт бойынша жауапты бөлім мамандары қатысты.

Есеп беру барысында дін мен дәстүр, уағыз-насихат, оқу-ағарту, және діни оңалту бағыттарында атқарылған жұмыстар жан-жақты сараланып, нақты көрсеткіштер мен нәтижелер талқыланды.

Жауапты мамандар әр бағыт бойынша өз есебін ұсынып, өңірде атқарылған іс-шаралар, ұйымдастырылған кездесулер мен қайырымдылық жобалар жайында мәлімет берді.

Жиын барысында Атырау облысының Бас имамы Болатбек Ұласқанұлы дін қызметкерлерінің белсенділігін атап өтіп, алдағы уақытта жұмысты жандандыру керектігін айтты.

«Әсіресе діни оңалту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде әрі тұрақты жүргізілуі тиіс. Бұл – қоғамда діни тұрақтылықты қамтамасыз етудің маңызды тетігі. Әр мешіт пен имам бұл бағытта белсенділік танытып, жүргізілген жұмыстардың есебін уақытылы жолдап отыруы қажет,» – деді Бас имам.

Сонымен қатар, оқу жылының басталар тұсында жыл сайын дәстүрлі түрде өтетеін «мектепке жол» акциясын ұйымдастыру, мешіттерде жастармен жүйелі жұмыс жүргізу, діни сауат ашу курстарын дамыту, имамдардың біліктілігін арттыру, отбасы тәрбиесі мен ихсан ілімін насихаттау бағытында нақты тапсырмалар берілді.

Жиын соңында келесі жартыжылдыққа арналған жоспарлар нақтыланып, әр бағыт бойынша міндеттер белгіленді.