Атырау облысына жұмыс сапарымен келген ҚМДБ «Халал даму» стандарттау және сертификаттау орталығының директоры Айбек Асқарбекұлы мен орталықтың технолог маманы Мейіржан Бауыржанұлы жергілікті кәсіпкерлер мен имамдармен кездесті.
Жиынды облыстың бас имамы Болатбек Ұласқанұлы ашып, қатысушыларға халал саласының қоғам үшін маңызына тоқталды.
Кездесу барысында өнімдердің құрамы мен қоспалары, тұтыну жолдары, халал стандарттарының талаптары, сертификаттау үдерісі кеңінен түсіндірілді.
Орталық директоры Айбек Асқарбекұлы өз сөзінде:
«Халал – тек қана діни ұстаным емес, ол тұтынушы денсаулығының кепілі. Бүгінде халал стандарттарының талаптарын сақтау – кәсіпкерлік мәдениеттің басты көрсеткіші. Біз кәсіпорындарға әдістемелік көмек беріп, сапаны арттыруға бағытталған қадамдарды әрдайым қолдауға дайынбыз», – деді.
Ал технолог маман Мейіржан Бауыржанұлы:
«Өнім өндірісінде қолданылатын қоспалар мен құрамы мұқият тексеріледі. Әрбір кәсіпкер тұтынушы алдындағы жауапкершілігін сезінуі тиіс. Халал сертификатын алу – сол сенімділікті дәлелдейтін басты қадам», – деп атап өтті.
Кездесуге қатысқан кәсіпкерлер өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, пікір алмасты. Жиын соңында бірқатар атыраулық кәсіпорындарға ҚМДБ «Халал даму» орталығы тарапынан ресми сертификаттар табысталды.
















