Атырау облысында мешіт имамдарының бастамасымен 1550 балаға оқу құралдары таратылды

Атырау облысы бойынша мешіт имамдарының бастамасымен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының «Зекет және қайырымдылық» қорының қолдауымен «Мектепке жол» республикалық акциясы аясында 1550 балаға мектепке қажетті сөмке мен оқу құралдары табысталды.

Игі шараның мақсаты – әлеуметтік жағдайы төмен, көпбалалы отбасылар мен жетім балаларға жаңа оқу жылын жақсы көңіл-күймен бастауға мүмкіндік жасау, оларға қуаныш сыйлау.

Атырау облысының бас имамы Болатбек Ұласқанұлы акция барысында:
– «Білім – болашақтың жарық шамшырағы. Жас ұрпақтың сапалы білім алып, қоғамға пайдалы азамат болып өсуіне қолдау көрсету – баршамыздың ортақ міндетіміз. Бүгінгі шараның мақсаты – балаларға қуаныш сыйлап, олардың жаңа оқу жылына жақсы дайындықпен қадам басуына үлес қосу», – деп атап өтті.

Шара барысында ата-аналар мешіт имамдары мен ұйымдастырушыларға алғыстарын білдіріп, балалар ерекше қуанышқа бөленді.