Атырау облысының бас имамы Болатбек Ұласқанұлы өңір спортшыларымен еркін форматтағы кездесуде бас қосып, олардың рухани тәрбиесі мен діни сауаттылығын арттыруға бағытталған насихат айтты. Жиынды Атырау облыстық Спорт және туризм басқармасы ұйымдастырды.
Кездесу барысында бас имам Болатбек Ұласқанұлы:
«Бүгінде кейбір жастар шынайы дін мен жалған насихатты ажырата алмай, жат ағымдардың ықпалына түсіп қалуда. Спортшы — қоғамның айнасы, жастарға үлгі болатын тұлға. Әркім өз саласында кәсіби болуы керек. Спортшы – спортпен, дін маманы – діни іліммен айналысқаны дұрыс. Көше арасында уағыз айтып, дінді дұрыс түсінбей тарату – қауіпті. Баланы тәрбиеге салғыңыз келсе, алдымен оны спортқа беріңіз. Спорт – тәрбие мен тәртіпке үйретеді», — деп нақты пікірін жеткізді.
Шараға кәсіби спортшылармен қатар, спорт саласының ардагерлері мен дін мамандары қатысты. Кездесу барысында қатысушылар жастар арасындағы діни тұрақтылық, жат ағымдардың алдын алу, спорт пен руханияттың үйлесімділігі туралы ой-пікірлерімен бөлісті.
Сондай-ақ, Иманғали орталық мешітінің наиб имамы, ұстаз Қанағат Қалыбайұлы:
«Дін – терең білім мен сабыр талап ететін жол. Бұл жолда тек сенімді, білікті дін мамандарынан ілім алған жөн. Жастарымыз дұрыс діни білім арқылы ғана адасудан аман қалады», — деп атап өтті.
Кездесу ашық диалог форматында өтті. Қатысушылар дін мен спорттың адам тәрбиесіндегі маңызына тоқталып, рухани иммунитетті арттырудың өзекті мәселелерін талқылады













