Атырау облысының Бас имамы студенттермен ауызашарға қатысты (+ФОТО)

Атырау облысының бас имамы студенттермен бірге ауыз ашты.

Өңірдің бас имамы Болатбек қажы Ұласқанұлы Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде студенттермен бірге ауызашар дастарханына қатысып, насихат айтты. 100 адамға берілген ауызашар дастарханына білім ордасының ректоры Саламат Нұрмұханұлы мен оқу орнының профессор, оқытушылар құрамы, студенттер қатысты.

«Құрметті шәкірттер! Сіздер қоғамның болашағысыздар. Білім алу жолында тек ғаламды тану емес, адамгершілік, мейірім мен жақсылыққа үйрену де маңызды. Рамазан айы бізге осы тұрғыдан да жақсы үлгі бола алады. Бүгінгі бейбіт, тәуелсіз елде еркін білім алып жатқан ұрпақсыздар. Осы жолда тәрбилеген ауылдағы ата-аналарыңыз бен осы жердегі ұстаздарыңызға құрмет пен сыйластық танытып жүріңіздер. Мырзатай Жолдасбеков ағамыздың “Дін ұстай алсаң қасиетің, ұстай алмасаң қасіретің деген сөзі бар. Діни, имандылық ілімдерін үйренуде арнайы білімі бар мамандардан сұраған жөн. Жат ағымның жетегіне кетуден сақ болыңыздар.
Қасиетті Рамазан айы жетістіктер әкелсін, ниеттеріңіз қабыл болсын деп,-тілегін жеткізді Бас имам.

Еске сала кетсек, өңірдегі Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінде де 100 студентке ауызашар дастарханы жайылған болатын.