Атырауда орталық «Иманғали» мешіті жанындағы Қайырымдылық мекемесінде кезекті игі шара өтті.
Қайырымдылық шарасы барысында әлеуметтік жағдайы төмен 35 отбасына ет таратылды.
«Исламда «садақа жария» деген ұғым бар. Қоғамның, халықтың игілігі үшін жасалған сауапты істерді «садақа жария» дейді. Мешіт, медресе, аурухана тұрғызу, көше, көпір салу, ауызсуы жоқ ауылдарға су тартып, құдық қаздыру, міне, бұлар халықтың игілігі үшін жасалған сауапты істер. Тіпті, мұсылманның көңілін көтеріп, үміт сыйлау, түк бере алмасақ та, оған жымиып қараудың өзі – сауап. Сауапты көктен іздеп қажеті жоқ. Ол біздің айналамызда. Қамкөңіл жанға көмек қолын созу – ол да қайырлы іс» дейді Бас имам Алтынбек Ұтысханұлы.
Қайырымдылық мекемесі апта сайын осындай қамқорлық шараларын өткізіп отырады. Мұқтаж отбасыларға азық-түлік, киім-кешек үлестіріліп отырады.
Айта кетсек, қайырымдылық орталығы мешітке тапсырылған киім-кешектерді, тұрмысқа қажетті заттарды қабылдап, сұрыптап мұқтаж отбасыларға тарату ісімен айналысады. Қайырымдылық орталығы 2021 жылы ашылған болатын.