Атырау облысы өкілдігі әйел-қыздар секторының ұйымдастыруымен Атырау қаласындағы Абай орталығында қасиетті Рамазан айына орай «Әйел – адал қоғамның тірегі» атты рухани форум өтті. Шараның негізгі мақсаты – Рамазан айының рухани мәнін дәріптеу, әйел адамның қоғамдағы орны мен жауапкершілігін айқындау, адалдық пен отбасылық құндылықтарды насихаттау болды.
Рухани жиын қасиетті Құран аяттарын Еркебұлан қаридың әсерлі қырағатымен ашылды. Құран оқылғаннан кейін Атырау облысының бас имамы Болатбек Ұласқанұлы жиналған қауымды қасиетті Рамазан айымен құттықтап, әйел адамның отбасы мен қоғамдағы орнына кеңінен тоқталды. Ол ананың тәрбиесі мен әйелдің рухани ықпалы адал қоғам қалыптастырудағы негізгі тірек екенін атап өтті.
Форумға арнайы қонақ ретінде ҚМДБ Түркістан облысы өкілдігінің әйел-қыздар секторының жетекшісі, исламтанушы ұстаз Еңлік Мұратқызы қатысып, адал өмір сүрудің негізгі қағидаттарына тоқталып, сөзін:
«Өмірдің өкінбейтін бар айласы,
Ол айла – қиянатсыз ой тазасы.
Мейірім, ынсап, әділет, адал еңбек,
Таза жүрек, тату дос – сол шарасы»
деген Шәкәрімнің тағылымды өлең жолдарымен өрбітті. Ұстаз таза ой, мейірім, ынсап, әділет, адал еңбек, таза жүрек, тату дос тақырыптарын кеңінен ашып, қатысушылардың сауалдарына тұшымды жауап берді.
Шара аясында Атырау әйел-қыздар секторы жанындағы Алқа даму орталығының еріктілері дін мен дәстүр сабақтастығын айшықтайтын тағылымды қойылымды көрермен назарына ұсынды. Қойылымда ұлттық тәрбие, имандылық және отбасылық құндылықтар көркем түрде бейнеленіп, қатысушыларға терең ой салды
Сонымен қатар форум барысында психолог Гүлнұр Манатқызы отбасы құндылықтары мен бала тәрбиесі тақырыбында мазмұнды баяндама жасады.
Рухани форум қатысушыларға Рамазан айының тәрбиелік мәнін терең сезіндіріп, әйел адамның адал қоғам құрудағы маңызды рөлін айқындай түсті.


























