Атырау қаласында ҚМДБ Әйел-қыздар секторының ұйымдастыруымен «Жүректерге түскен нұр» атты Мәуліт кеші өтті. Рухани шараға жамағат кеңінен қатысып, пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.ғ.с.) салауаттар айтылды.
Кеш аясында Атырау облысының бас имамы Болатбек Ұласқанұлы Құран аяттарын оқып, пайғамбарымыздың өнегелі өмірінен тағылымды насихат айтты:
«Алла Елшісінің (с.ғ.с.) әрбір сөзі мен ісі – адамзатқа бағдаршам іспетті. Оның мейірімі мен көркем мінезін үлгі тұтқан жан ғана екі дүниенің бақытын табады. Мәуліт мерекесі – бізге сүннетті жаңғыртып, жүректерімізді иманға бекемдеуге үлкен мүмкіндік» – деді бас имам.
Сондай-ақ, ҚМДБ Әйел-қыздар секторының меңгерушісі Динара Нұрғалиева сөз алып, әйелдің қоғамдағы орны мен отбасы құндылықтарының маңызын атап өтті:
«Әйел – ұрпақ тәрбиесінің алтын діңгегі. Бауырмалдық, мейірім, сабыр сынды құндылықтар ананың жүрегінен бастау алады. Сондықтан әрбір әйел қоғамдағы имандылықтың ұйытқысы болуы тиіс» – деді ол.
Ал ҚМДБ Әйел-қыздар секторының Алматы облысы бойынша өкілі Назерке Жаналиева қазыналы қарттардың орнына тоқталды:
«Ақыл-парасаты мол қариялар – ұрпаққа өнеге, рухани тірек. Әжелеріміздің батасы мен өсиеті – отбасының да, елдің де берекесі» – деп атап өтті.
Шара барысында өңір мешіттерінде бірнеше жыл қызмет атқарып, діни ахуалға үлес қосып келе жатқан әжелер марапатталды. Кештің көркін сахналық қойылым мен Мәуліт жыры аша түсті.
«Жүректерге түскен нұр» атты Мәуліт кеші жамағатқа рухани серпін сыйлап, отбасы мен қоғамдағы имандылық құндылықтарын дәріптеген тағылымды басқосу болды.






















