АТЫРАУДА АЙТ НАМАЗЫ ОҚЫЛДЫ

Атырауда ұлық мереке – Ораза айтқа орай айт намазы оқылды. Таң сәріден бастап қала және аудан мешіттеріне жиналған жамағат мерекелік намазға қатысып, бір-бірін айтпен құттықтады.

Айт намазы алдында Атырау облысының бас имамы Болатбек қажы Ұласқанұлы жамағатқа жүрекжарды құттықтауын жеткізіп, Рамазан айының тағылымы мен айт мерекесінің мән-маңызы жөнінде насихат айтты. Бас имам өз сөзінде бірлік пен бауырмалдықтың, кешірім мен қайырымдылықтың қоғамдағы орнына ерекше тоқталып, жамағатты ізгі амалдарды жалғастыруға шақырды.

Мерекелік шара барысында облысқа қарасты барлық мешіттерде айт намазы оқылып, халықтың қуанышы еселене түсті. Жалпы, Атырау облысы бойынша айт намазына жиырма мыңға жуық адам қатысты.

Ораза айт мерекесі – ел бірлігін бекемдеп, рухани құндылықтарды дәріптейтін ерекше күн. Бұл күні жамағат бір-біріне ізгі тілектерін арнап, татулық пен сыйластықты нығайта түсті.