Атырауда қасиетті жұма күні екі мешіт ашылды

Бүгін, қасиетті жұма күні Атырау облысы Құрманғазы ауданына қарасты Шортанбай және Балықшы ауылдарында жаңа мешіттердің ашылу рәсімі өтіп, қос құлшылық үйі халықтың игілігіне пайдалануға берілді.

Аталған игі шараға Атырау облысының бас имамы Болатбек Ұласқанұлы арнайы қатысып, жамағатқа жүрекжарды тілегін білдірді. Сондай-ақ, ауылдың ақсақалдары, мешіт жамағаты, жергілікті тұрғындар, ауыл әкімдігі өкілдері және дін қызметкерлері де бас қосты.
Облыстың бас имамы Болатбек Ұласқанұлы:

«Мешіт – имандылықтың, бірліктің, ізгіліктің ордасы. Ауылда мешіт бой көтерсе, ол жерге береке мен рухани жаңғыру келеді. Бұл – ұрпақ тәрбиесіне, ұлттық бірегейлікке қызмет ететін үлкен сауапты іс. Алланың үйі ел игілігіне қызмет ете берсін»– деді бас имам өз сөзінде.

Сондай-ақ бас имам мешіт құрылысына қолдау білдірген жомарт жандарға алғыс хат табыстады.

  • Шортанбай мешіті – сәулеті заманауи, жамағаттың рухани сұранысын өтейтін толық жағдай жасалған құлшылық үйі. Мешіттің сыйымдылығы 400 адамға арналған. Мешіт имамы болып Ғанибек Доғдырбайұлы тағайындалды.
  • ⁠Балықшы мешіті – көпшіліктің ұзақ уақыт күткен құтханасы, ауыл азаматтарының қолдауымен салынған. Сыйымдылығы 100 адамға шақталған. Мешіт имамы болып Ержан Құсайынов тағайындалды

Екі мешіт те намазхана, дәріс бөлмесі, дәретхана, имам бөлмесі секілді қажетті инфрақұрылыммен қамтылған.

Ауыл тұрғындары мен ақсақалдары жүрекжарды алғыстарын білдіріп:

«Жаңа мешіт – ұрпаққа мирас, елге нұр. Алла Тағала осы ізгі істі жасаған азаматтарға разы болсын!»– деген баталарын берді.

Бүгінгі жұма күні Атырау жұртшылығы үшін ерекше рухани қуаныш күніне айналды. Ел игілігі үшін қызмет ететін қос мешіт – дініміздің, дәстүріміздің және тәлім-тәрбиенің алтын діңгегіне айналмақ.