Бүгін, қасиетті жұма күні Атырау облысының бас имамы Болатбек Ұласқанұлы жұма намазына жиналған жамағат алдында бірқатар кәсіп иелеріне халал сертификаттарын ресми түрде табыстады.
Халал талаптарына толық сай екені арнайы тексеріс нәтижесінде расталған мекемелер қатарында:
«Айым» ет өңдеу цехы,
«Chava» тамақтану орны,
«Тоmyson» фаст-фуд өнімдері бар.
Сертификаттар Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының «Халал Даму» ұйымы бекіткен стандарттарға сай берілді. Бұл – тұтынушыларға сапалы әрі шариғат талаптарына сай өнім ұсыну жолында жасалған маңызды қадам.
Салтанатты шарада өңірдің бас имамы кәсіп иелерін құттықтап, адал өнім өндіру – тек кәсіпкерлік жауапкершілік емес, үлкен рухани міндет екенін атап өтті. Сондай-ақ, адалдық пен сенімділікке негізделген халал индустрияны дамыту – тұтас қоғам үшін игі бастама екенін жеткізді.
Алдағы уақытта да Атырау облысы бойынша халал стандарттарға сай қызмет көрсететін кәсіпорындар қатары арта түспек.