Атырау облысында “Ислам және отбасы құндылығы жылы” аясында маңызды шаралардың бірі – облыстық білім сайысы Мақат ауданында өткізілді. “Дін мен дәстүр” тақырыбында ұйымдастырылған бұл зияткерлік сайысқа облыстың әр ауданынан келген мешіт жамағатынан құралған 9 команда қатысты.
Сайыстың басты мақсаты – халықтың діни сауатын арттыру, ұлттық құндылықтар мен ислам дінінің өзара үйлесімін дәріптеу. Сұрақтар Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бекіткен «Дін мен дәстүр» кітабының I, II, III томдары негізінде дайындалды.
Сайыс нәтижесінде үздік үштік келесідей анықталды:
1-орын – Мақат ауданы
2-орын – Атырау қалалық командасы
3-орын – Қызылқоға ауданы
Шараға Атырау облысы өкілдігі мен Мақат аудандық жастар ресурстық орталығы ұйытқы болып, қолдау көрсетті.
Облыстық Иманғали мешітінің ұстазы Арман Амангелдіұлы бұл сайыстың дін мен дәстүр сабақтастығын терең меңгеруге жол ашатынын атап өтіп:
“Имандылық пен ұлттық сана – егіз ұғым. Мұндай білім сайыстары халықтың рухани деңгейін көтеріп қана қоймай, дәстүр мен дінді үндестіре отырып, жастардың танымын тереңдетеді”, – деді.
Сайыс соңында жеңімпаз командаларға алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табысталды.







