АТЫРАУДА ДІН ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНЕ АРНАЛҒАН ОҚЫТУ КУРСЫ БАСТАЛДЫ

Атырау облысы Дін істері басқармасының қолдауымен, «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» қоғамдық қоры және «Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы» РМҚК Атырау облысы бойынша филиалы бірлесіп, өңір дін қызметкерлеріне арналған үш күндік оқыту курсын өткізді.

«Өңірдің қоғамдық-саяси өміріндегі дін саласы мамандарының рөлі» тақырыбындағы бұл курс дін мамандарының кәсіби біліктілігін арттырып, медиа-контент жасау, халық алдында сенімді және әсерлі сөйлеу дағдыларын дамытуға бағытталды.

Курс барысында Атырау облысының бас имамы Болатбек Ұласқанұлы сөз сөйлеп, дін қызметкерлерінің заманауи қоғамдағы рөліне тоқталды.

«Бүгінгі дін қызметкері – тек мешіт ішінде ғана емес, қоғаммен тығыз байланыста жұмыс істейтін тұлға. Жастармен тіл табысу, әлеуметтік желіде сауатты ой айту, экстремизм мен радикализмге қарсы тұруда білім мен парасат қатар жүруі керек. Бұл оқу – бізге уақыт талабына сай әрекет етуге мүмкіндік береді», – деді бас имам.

Сонымен қатар, Болатбек Ұласқанұлы Академия филиалының қызметімен кадр даярлау мен біліктілікті арттыру бағытындағы жүйелі жұмыстарымен танысты.

«Академия филиалының тынысы, кәсіби оқыту тәжірибесі көңіл қуантады. Мемлекеттік басқару саласындағы осындай орталықтардың дін мамандарымен бірлесіп жұмыс істеуі – өте құптарлық іс», – деп атап өтті ол.

Оқыту барысында тәжірибелі тренерлер мен сарапшылар қатысушыларға түрлі практикалық жаттығулар өткізіп, медиа саласындағы заманауи трендтермен таныстырады.

Шара 3 күнге созылады, қатысушыларға арнайы сертификаттар табысталады