АТЫРАУДА ИМАМДАР МАРАПАТТАЛДЫ

Атырауда өңірдегі дін саласында жемісті еңбек етіп жүрген имамдар марапатталды. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының алғыс хатымен Атырау облысындағы бірқатар мешіт имамдарына арнайы марапаттар табысталды.

Атырау облысының бас имамы Болатбек Ұласқанұлы жиын барысында дін қызметкерлерінің қоғамдағы рухани тұрақтылықты сақтауға, діни сауаттылықты арттыруға, ұлттық дәстүр мен отбасы құндылықтарын насихаттауға, сондай-ақ қайырымдылық пен игі істерді жүзеге асыруға қосқан үлесін ерекше атап өтті.

Имамдар ел бірлігін нығайту, жастарға дұрыс бағыт-бағдар беру және жат діни ағымдардың алдын алу бағытында жүйелі жұмыс атқарып келе жатқанын жеткізді. Бұл марапат – олардың қажырлы еңбегіне көрсетілген жоғары баға әрі алдағы қызметтеріне берілген үлкен сенімнің белгісі.