Атырауда имамдарға арналған «Уақып және уақыт» тақырыбында семинар өтті

Атырау қаласында өңір имамдарына арналған уақып және уақыт тақырыбында семинар-түсіндірме жұмыстары өтті. Семинардың негізгі мақсаты – уақып институтының исламдағы орны мен маңызын түсіндіру, сондай-ақ дін қызметкерлерінің уақытты тиімді пайдалану мәдениетін арттыру болды.

Семинар барысында Уақып қорының өңірдегі жауапты өкілі Ажок Сәрсекеев уақыптың тарихы, оның әлеуметтік және рухани саладағы рөлі, қазіргі таңда уақып арқылы жүзеге асырылып жатқан жобалар жөнінде кеңінен баяндады.

Сонымен қатар дін қызметкерінің уақытқа жауапкершілікпен қарауы, уағыз-насихат пен жамағатпен жұмысты жүйелі жүргізу, мешіт қызметіндегі жоспарлау мәселелері де сөз болды. Имамдарға уақыпты дамыту арқылы қайырымдылықты тұрақты негізде ұйымдастырудың маңызы түсіндірілді.

Семинар барысында қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға тұшымды жауаптар беріліп, тәжірибе алмасу жүзеге асты. Аталған іс-шара имамдардың кәсіби және рухани деңгейін арттыруға бағытталды.