Қасиетті Құрбан айт мерекесіне орай Атырау қаласындағы орталық «Иманғали» мешітінің ауласында мерекелік рухты көтеру мақсатында ұлттық спорт түрлерінен сайыстар өткізілді. Айт намазынан кейін жамағат үшін арнайы ұйымдастырылған бұл шараға қала тұрғындары мен жастар белсенді қатысты.
Сайыстар барысында асық ату, қол күрес, арқан тарту, қазақша күрес, гір көтеру және басқа да ұлттық ойын түрлері ойнатылып, қатысушылар өзара бақ сынасты. Мақсат – Құрбан айттың рухани мәнін сақтай отырып, халқымыздың дәстүрлі мәдениетін, ұлттық ойындарын насихаттау және жамағатты бірлікке ұйыту болды.
Шара соңында жеңімпаздар мен белсенді қатысушылар Иманғали мешіті тарапынан арнайы сыйлықтармен және алғыс хаттармен марапатталды.
«Құрбан айт – тек діни мереке ғана емес, ұлттық бірегейлікті, татулықты арттыратын үлкен рухани шара. Біз бұл күні жастарымызға ата дәстүрді танытып, салт-сананы ұлықтауға да көңіл бөлеміз,» – деді шараны ұйымдастырушылар.
Мешіт ауласында сондай-ақ балаларға арналған тегін балмұздақтар таратылып, арнайы батуттар мен ойын алаңшалары қойылды. Қалалық жамағат мерекені қуанышпен қарсы алып, мешіт маңында бейбіт әрі қуанышты көңіл күйде тарқасты. Спорттық сайыстың жеңімпаздарына дипломдар мен қаржылай жүлделер табысталды.










