Атырауда «Имани жаз-2025» жазғы сауат ашу курсы басталды

Атырау облыстық Иманғали орталық мешітінде балаларға арналған жазғы имани сауат ашу курсы ресми түрде ашылды. Ашылу салтанатына Атырау облысының бас имамы Болатбек Ұласқанұлы қатысып, жас шәкірттерге рухани бағыт-бағдар беретін құттықтау сөз айтты.

– Бұл курс – жас ұрпақтың имандылыққа бет бұрып, ұлттық құндылықтарды бойына сіңіруіне үлкен мүмкіндік. Балаларымыз мұнда Құран әліппесін ғана емес, әдеп пен тәрбиені де үйренеді. Бұл – рухани іргетас, – деді бас имам өз сөзінде.

Биылғы курсты 70 қыз, 50 ұл барлығы 120 бала бастап отыр. Оқу процесі Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанындағы мүфтият баспасынан жарық көрген «Имандылық әліппесі» атты оқулық негізінде жүргізіледі.

Курс бағдарламасына мынадай тақырыптар енгізілген:

Бірінші әдеп: бала тәрбиесіндегі алғашқы рухани қағидалар;

Бабалар шығармашылығы: халық даналығы мен ұлттық тәрбие тағылымдары;

Құран әдептері: қасиетті кітапта айтылған адамгершілік нормалар мен күнделікті өмірге қажетті өнегелі қағидалар.

Сабақтарды тәжірибелі ұстаздар мен мешіт имамдары жүргізеді. Сонымен қатар, балаларға арналған тәрбиелік ойындар, рухани викториналар мен шығармашылық шаралар да жоспарланған.

Жазғы курс — жас буынды имандылыққа баулитын, рухани тәрбие мен ұлттық болмысқа негізделген маңызды алаң.