Атырау облысындағы мешіттерде ұйымдастырылған «Имани жаз – 2025» жазғы сауат ашу курсы өз мәресіне жетті. Бұл игі шараның қорытынды салтанаты орталық мешітте өтіп, онда өңірдің бас имамы Болатбек Ұласқанұлы балғын шәкірттерге ізгі тілегін білдіріп, арнайы сертификаттар табыстады.
Жалпы курс аясында облыс бойынша 1580 шәкірт, оның ішінде 870 ұл бала мен 710 қыз бала тәлім алды. Оқытулар Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының тапсырысымен жарық көрген «Имандылық әліппесі» оқулығы негізінде жүргізілді.
Балалардың рухани әрі жан-жақты дамуына жағдай жасалды. Сабақтармен қатар тәттілер таратылып, ойын алаңдары, қызықты экскурсиялар, түрлі мәдени-танымдық іс-шаралар ұйымдастырылды.
Бас имам Болатбек Ұласқанұлы:
«Сіздердің жазғы демалыстарыңызды пайдалы білім алуға арнағандарыңыз – үлкен жетістік. Дәстүрлі дініміз бен ұлттық құндылықтарымызды тануға деген құлшыныстарыңыз ата-аналарыңыздың сенімі – болашақта жарқын өмірдің негізі болсын», – деп тілегін білдірді.
































