Атырау қаласы, Тасқала маңындағы «Мәулімберген» мешітінде кезекті қайырымдылық шарасы өтіп, 10 отбасына азық-түлік табыс етілді.
«Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің» демекші, қандай қайырымды іс жасасаң да барлығы өзің үшін. Қазіргі кезде алаңдатып отырған індет жағдайы төмен отбасыларға, жалғызбасты қарттарымызға, көпбалалы отбасыларға, жалпы жұртшылыққа оңай болмай тұрғаны анық.
Осынау сындарлы, сынаққа толы кезеңде ел баласы болып, жүкті жұмыла көтерсек, қайырымды болсақ, алынбайтын қамал, аспайтын асу жоқ. Осыны дәлелдейтін кез келді. Әр мұсылман қылған жақсылығының Алладан еселеп қайтатынына кәміл сенеді.
Құранда Алла Тағала: «Алланың жолында не жұмсасаңдар да, Алла Тағала міндетті түрде оның орнын толтырады» – деп бұйырады.
Қайырымдылық – мұқтаж жандарға көрсетілер нақты көмек, ізгіліктің анық көрінісі, адамның асыл қасиеті. Кісінің айналасындағы адамдарға танылатын тамаша қыры да қаншалықты қайырымды екенінен байқалады. Қандай жағдай болмасын, мұсылман баласы өзінің рухани құндылығын сақтап, қысылтаяң жағдайда еш өзгерместен, белгілі мақсатты көздемей халыққа қол ұшын созуы қажет» деді «Мәулімберген» мешітінің имамы Мақсот Бағытжанов.