Рамазан – құлшылық айы. Осыған орай, Атырау облысы бойынша қала, аудан, ауыл мешіттерінде «Оразаны дұрыс ұстап жүрміз бе?» атты дәрістер жүріп жатыр.
Орталық «Иманғали» мешітінде бұл дәрісті ұстаз Наркес Боханов жүргізуде.
«Рамазан айында адам өзіне көп көңіл бөлуі керек және мүмкін болғанынша көп құлшылықтарға ниеттеніп, оларды амалға асыруға тырысу қажет. Мұсылман адам Рамазан айында мынадай жақсы ниеттер жасауына болады:
Ораза ұстау ниеті, барлық Рамазанға ниеттену;
Алла Тағалаға барынша жақындауға, барлық күнәлардан арылып, шынайы тәубеге келуге ниеттену;
Әдеттегіден артық көбірек құлшылықтар жасауға ниеттену, мысалы, Құранды хатым ету, тахажжүд намазын оқу, дұға жасау, нәпіл істерді көбірек атқару» деп атап өтті ұстаз Наркес Боханов.
Рамазан – кешірім айы. Сондықтан, мұсылман бауырлармен бауырмашылықты күшейту, ренжіскен адамдар болса, олармен татуласу, кешірім сұрау да маңызды.