Атырауда өңір имамдары Рамазан айына дайындықты пысықтады

Атырау облысының Бас имамы Болатбек Ұласқанұлының төрағалығымен облыс имамдарының жиыны өтті.

Жиынға Атырау облыстық дін істері басқармасының басшысы Қаһарман Рахметұлы және қала, аудан, ауыл имамдары қатысты.

Бас имам Болатбек Ұласқанұлы имамдарды келе жатқан қасиетті Рамазан айымен құттықтап, мүбарак айды жоғары деңгейде өткізуге тілектестік білдірді.

«Өздеріңіз білетіндей, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы тарапынан Рамазан айында атқарылатын шаралардың жоспары бекітілді.

Биылғы Рамазан айында ауызашар, тарауихтан кейін қоғамдық көліктерді ұйымдастыру, ауызашар мәзірлеріндегі тағамдардың адал болуы, мешіттердің тазалығы мен тәртіп мәселесі басты назарда болуы тиіс.

Сондай-ақ, жарапазан айту, оразадағы насихат жұмыстары сынды рухани шараларды жоғарғы деңгейде өткізуіміз керек және жергілікті қарилардың Құранды меңгеру деңгейін пысықтап, жамағат алдына дайындауды қазірден бастау қажет деп,-атап өтті Бас имам.

Атырау облысы дін істері басқармасы басшысы Қаһарман Рахметұлы Рамазан айындағы көпшілік шараларда заңдылықтың, тәртіптің сақталуын қатаң қадағалауға шақырды.