Атырау облысында ұлық мереке – Ораза айт ерекше қуанышпен аталып өтті. Айт күндері өңірдегі барлық мешіттерде қайырымдылық және мерекелік шаралар ұйымдастырылып, әсіресе балаларға ерекше көңіл бөлінді.
Ораза айт мейрамы аясында Атырау облысындағы мешіттер 7000-ға жуық балаға айттық тәттілер таратып, бүлдіршіндерге мерекелік көңіл күй сыйлады. Бұл игі шара – балалардың жүзінде қуаныш сыйлап қана қоймай, олардың жүрегіне мейірім мен ізгіліктің дәнін себуге бағытталды.
Айт күндері мешіттерге жиналған жамағатпен бірге балалар да мерекелік бағдарламаларға қатысып, түрлі сыйлықтарға ие болды. Имамдар бүлдіршіндерді мерекемен құттықтап, оларға ізгі тілектерін арнады.
Аталған қайырымдылық шаралары қоғамдағы жанашырлық пен қамқорлықтың маңызын арттырып, өскелең ұрпақты мейірімділікке тәрбиелеуге үлкен үлес қосты.
Жалпы, Ораза айт мерекесі Атырау өңірінде кең көлемде аталып өтіп, жамағатқа көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Мұндай игі бастамалар алдағы уақытта да жалғасын таба бермек.















