Атырауда орталық мешітте күн сайын 300 адамға ауызашар берілуде (+ФОТО)

“Иманғали” орталық мешітінде Рамазан айы басталғалы 600 адамға ауызашар берілді.

Рамазан айының алғашқы күндерінен бастап орталық “Иманғали” мешітінде күн сайын 300 адамға ауызашар дастарханы жайылуда.

Жамағатпен бірге ауызашар дастарханына қатысқан облыстың Бас имамы Болатбек қажы Ұласқанұлы Рамазан айының берекеті мен ауызашар берудің сауаптары туралы насихат айтты.

Он екі айдың сұлтаны болған Рамазан – Алланың мейірімі төгіліп, жұмақтың есігі айқара ашылатын, сауаптар еселеніп жазылатын шарапаты мен шапағаты мол ай. Құдси хадисте Алла Тағала: «Ораза – тек Мен үшін. Оның сыйын (сауабын) Өзім ғана беремін…» деп оразаның қадірі мен қасиетін баяндаған. Исламның бес парызының бірі болған оразаның осы айда орындалатыны да сондықтан. Ораза жан мен тәнді рухани тазартатын үлкен сабыр мектебі. Ал, ауызашар беру – сауабы мол амал. Ауыз аштырудың төрт түрлі сауабы барын айтуға болады.

Олар: Ораза ұстаушының сауабы беріледі, күнәлары кешіріледі, рамазан айы бойына періштелер ауыз аштырған кісіге Алладан жарылқау тілеп тұрады және тозақ отынан азат болады»,- деп атап өтті Бас имам.

Сондай-ақ, Бас имам Болатбек Ұласқанұлы ауызашар дастарханын жайған жандарға ризашылығын білдіріп, батасын берді.