Қадір түнінде «Иманғали» орталық мешітінде 4000-ға жуық адам жиналды. Қасиетті қадір кешінде орталық «Иманғали» мешіті жамағатқа лық толды.
Атырау облысының Бас имамы Болатбек қажы Ұласқанұлы жамағатқа Қадір түнінің қасиеттілігі туралы насихат айтты.
«Қасиетті Құран Кәрім түскен Қадір түнінде жасалған ғибадат мың айға, яғни сексен үш жылға тең. Расында, Рамазан айының қасиетті болуының ұлы ерекшеліктерінің бірі – Қадір түнінде тағдырдың жазылуы. Ал, Қадір түнінің қасиетті болуының мәні – адамзат баласын екі дүние бақытына жетелеуші қасиетті кітабымыз Құранның түсуі. Бұған тұтастай осы қасиетті түнге қатысты баяндалған «Қадір» сүресі дәлел болады.
Айша анамыз (оған Алла разы болсын): «Рамазанның соңғы он түні кірген кезде Пайғамбар білегін сыбанып, түнін құлшылықпен тірілткен және отбасын да құлшылыққа оятқан» дейді. Бұл түні намаз бен Құран оқудың сауабы мол. Алла тағала осы түнгі жасаған барлық ғибадаттарымызды қабыл етсін,-деді бас имам.
Қадір түнінде орталық «Иманғали» мешітіне 4000 адам жиналды. Таң сәресіне дейін әр түрлі форматта сұрақ-жауап ұйымдастырылды.







