Атырауда қарттар үйінің тұрғындарына мерекелік көңіл күй сыйланды

Атырау облысының бас имамы Болатбек Ұласқанұлы бастамасымен қасиетті Рамазан айы қарсаңында қарттар үйінің тұрғындарына арнайы барып, мерекелік көңіл күй сыйлау шарасы ұйымдастырылды.

Игі шараны Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Әйел-қыздар секторының Атырау облысы бойынша жауапты маманы Назгүл Мeдeрқызы ұйымдастырып, қарттармен кездесу өткізді. Кездесу барысында қарияларға сыйлықтар мен гүл шоқтары табысталып, жылы лебіздер айтылды.

Шара барысында Назгүл Данаева қарияларға ізгі тілегін білдіріп, қасиетті Рамазан айының мейірім мен қайырымдылыққа үндейтін ай екенін атап өтті. Сонымен қатар үлкендерге құрмет көрсету – халқымыздың игі дәстүрі екенін жеткізді.

Кездесу соңында қарттар үйінің тұрғындары көрсетілген құрмет пен ықыласқа ризашылықтарын білдіріп, ұйымдастырушыларға ақ баталарын берді.