Атырау облыстық Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Құрбан айт мерекесіне орай баспасөз мәслихаты өтті. Жиынға Атырау облысының бас имамы Болатбек Ұласқанұлы және Атырау облысы Дін істері басқармасының басшысы Қаһарман Рахметұлы қатысты.
Баспасөз мәслихатында Құрбан айт мейрамына дайындық, құрбан шалу тәртібі, санитарлық талаптар мен қайырымдылық шаралары кеңінен талқыланды.
Өңірдің бас имамы Болатбек қажы Ұласқанұлы Құрбан айтқа орай облыс көлемінде құрбан шалуға арналған арнайы орындар белгіленгенін хабарлады. Ол кәсіпкерлер мен мал сатушыларды бағаны негізсіз көтермеуге шақырып:
«Құрбан айт – тек діни міндет емес, мұқтаж жандарға қол ұшын созатын қайырымдылық мерекесі. Осы ретте, мал бағасын шарықтатпау – баршамызға ортақ жауапкершілік. Бұл – әрі сауапты, әрі әділетті іс болады», – деді бас имам.
Сондай-ақ, Болатбек Ұласқанұлы онлайн режимде құрбандық шалуға тапсырыс беру мүмкіндігі бар екенін айтып өтті. Бұл қызметті Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының «qurban.muftyat.kz» ресми сайты арқылы жүзеге асыруға болатынын нақтылады.
Атырау облысы Дін істері басқармасының басшысы Қаһарман Рахметұлы Құрбан айт кезінде діни рәсімдердің заң аясында және қауіпсіздік талаптарын сақтай отырып өткізілуінің маңыздылығын атап өтті. Ол:
«Біз діни рәсімдердің қоғамдық тыныштықты бұзбай, мәдениет пен тәртіп шеңберінде өтуіне мүдделіміз. Қажетті ақпарат пен түсіндіру жұмыстары жүргізілуде», – деп мәлімдеді.
Жиын соңында спикерлер БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап беріп, тұрғындарды Құрбан айт мейрамын игілік пен бірлік аясында қарсы алуға шақырды.
Еске сала кетейік биыл құрбан айт 6 маусымда басталады. Таңғы сағат 6:30 да айт намазы оқылып болған соң, мерекеге орай мешіт аулаларында спорттық ойындар өтеді.


