АТЫРАУДА РАМАЗАН АЙЫНА ДАЙЫНДЫҚ ЖИЫНЫ ӨТТІ

Атырау облысының бас имамы Болатбек Ұласқанұлының төрағалығымен қасиетті Рамазан айына орай дайындық жиыны өтті. Жиынға қала және аудан бас имамдары қатысып, алдағы Рамазан айында өңір мешіттерінде атқарылатын діни-ағартушылық, қайырымдылық және ұйымдастыру шаралары жан-жақты талқыланды.

Жиын барысында бас имам Рамазан айының қоғам үшін рухани маңыздылығына тоқталып, жамағатпен жұмыс жүргізуде бірізділік пен жауапкершіліктің маңызын атап өтті. Сонымен қатар, тарауық намаздарының өткізілу тәртібі, ауызашар ұйымдастыру, пітір садақасы мен зекет мәселелері, сондай-ақ мешіттерде тазалық пен қауіпсіздік талаптарын сақтау жөнінде нақты тапсырмалар берілді.

Бұдан бөлек, Рамазан айында қайырымдылық шараларын жүйелі түрде өткізу, әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдары арқылы діни ақпаратты дұрыс әрі сауатты жеткізу қажеттігі айтылды. Жиын соңында қала-аудан бас имамдары өз ұсыныстарын білдіріп, қойылған міндеттерді сапалы орындауға дайын екендерін жеткізді.