АТЫРАУДА РАМАЗАН АЙЫНДА 71 МЫҢНАН АСТАМ АДАМҒА ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ ЖАСАЛДЫ

Атырау өңірінде қасиетті Рамазан айында ауқымды қайырымдылық шаралары ұйымдастырылып, түрлі әлеуметтік топтарға кең көлемде көмек көрсетілді. Жалпы, игі бастамалар аясында 71 266 адамға қайырымдылық жасалды.

Рамазан айында «Рамазан сыйы» атты бастама қолға алынып, мұқтаж отбасыларға азық-түлік себеттері таратылды. Сонымен қатар республика көлемінде ұйымдастырылған «Мұқтаждарға 35 мың азық-түлік себет» акциясы аясында да өңір тұрғындарына көмек көрсетілді.

«Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында еңбек адамдарына, атап айтқанда көше және аула тазалаушыларға арнайы ауызашар себеттері үлестірілді. Бұл – қарапайым еңбек иелеріне деген құрметтің айқын көрінісі болды.

Сондай-ақ, Рамазан айында «Бір күнде бір мұқтажға көмек» қайырымдылық челленджі ұйымдастырылып, ораза ұстаған мүмкіндігі шектеулі жандарға, соқырлар қоғамына және өзге де әлеуметтік топтарға ауызашар дастархандары жайылды.

Дін істері басқармасымен бірлесіп, түзету мекемелеріндегі ораза ұстаушыларға да ауызашар беріліп, рухани қолдау көрсетілді.

Бұдан бөлек, «Рамазан сыйы» жобасы аясында жетім балаларға сыйлықтар табысталып, қуаныш сыйланды. Мешіттің дін қызметкерлері тарапынан көп балалы отбасыларға тосын сыйлар жасалып, ерекше құрмет көрсетілді.

Жастарға қолдау көрсету мақсатында университет және колледж студенттеріне ауызашарлар ұйымдастырылып, мешіт жамағаттарына да күнделікті ауызашар дастархандары жайылды.

Осылайша, Рамазан айында жүзеге асқан қайырымдылық шаралары қоғамдағы мейірім мен жанашырлықты арттырып, мыңдаған адамға қуаныш сыйлады.