ҚМДБ жанындағы республикалық ақпараттық-насихат тобының мүшесі, Шымкент қаласындағы Ордабасы мешітінің бас имамы Ералы Сапарбайұлы Атырау қаласындағы Иманғали орталық мешітінде жұма уағызын жүргізді.
Жұма намазына жиналған жамағат алдында облыстың бас имамы Болатбек Абу сөз алып, мейманды таныстырып:
“Бүгін бізбен бірге ҚМДБ-ның тәжірибелі ұстаздарының бірі, еліміздің түкпір-түкпірінде уағыз айтып жүрген Ералы Сапарбайұлы қонақ болып отыр. Республика күні қарсаңында тәуелсіздіктің қадірін еске алып, рухани тәрбие тұрғысынан терең ой бөліседі,” — деп атап өтті.
Өз кезегінде Ералы Сапарбайұлы “Тәуелсіздік – ең қымбат қазына” тақырыбында әсерлі жұма уағызын айтты.
“Біз азаттықтың бағасын білуіміз керек. Тәуелсіздік — ата-бабамыздың ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен келген ұлы мұрат. Ал осы еркіндікті сақтау — әр мұсылманның борышы. Себебі тәуелсіз елде ғана дінімізді еркін ұстанып, иманымызды күшейте аламыз,” — деді ұстаз.
Жұма уағызынан кейін жамағат елдің бірлігі мен тәуелсіздігінің баянды болуын тіледі.










