Атырауда Сұлтан Бейбарыс мешіті балаларға киім тапсырды (+ ВИДЕО)

Атырау қаласындағы Сұлтан Бейбарыс мешіті әлеуметтік жағдайы төмен 32 отбасының баласына қысқы сырт киім мен аяқ киім табыстады.

«Аяттан – амалға» жобасы аясында ұйымдастырылған ізгі шараға кәсіпкерлерді Сұлтан Бейбарыс мешітінің имамы Ержан Қағазғалиев жұмылдырды.

«Асыл дінімізде қайырымдылықтың өлшемі мұсылман баласына міндет саналатын бес парыздың бірі зекетте бекітілген. Нисаб мөлшеріне жететін дәулеті бар адам байлығының белгілі бір бөлігін жылына бір рет Алла Тағаланың ризалығы үшінқоғамдағы мұқтаж адамдарға риясыз көмек ретінде беруді «зекет» дейміз.

Кімде-кім зекет берсе, әлеуметтік ортадағы түрлі келеңсіздіктер мен қылмыстар азаяр еді. Алайда адамзатқа жақсылық қаламайтын шайтан малғұн пендені: «Зекет берсең, кедейленіп, аш-жалаңаш қаласың», – деп азғырып, тура ниетінен тайдыруы мүмкін. Анығында, зекет мал-мүліктің азаюына емес, көбейіп, өсіп-өнуіне себеп болады.

Құранда бұл шындық былай баяндалады: «Алла өсімнің берекесін жояды, ал садақасы берілген малдың берекесін арттырады» («Бақара» сүресі, 276-аят). Демек қайырымды болу – өзіңді сараңдықтан құтқарумен қатар қоғамды тәрбиелеу құралы. Осы тұста жақсылыққа үздіксіз ұмтылу бізді толассыз нығметке қауыштыратынын Құрандағы Алла Тағаланың: «Алла жолында не жұмсасаңдар да, Алла Тағала міндетті түрде оның орнын толтырады», – деген уәдесінен бағамдай аламыз» дейді Сұлтан Бейбарыс мешітінің имамы Ержан Қағазғалиев.