Атырауда экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған «Таза Қазақстан: Иман. Ынтымақ. Тазалық» тақырыбында кездесу өтті. Келелі жиынға облыстық Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Нұрлан Жантоқов, түрлі дін өкілдері, облыс және қала мәслихаттарының депутаттары, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, экобелсенділер мен үкіметтік емес ұйым жетекшілері қатысты.
Рухани тазалық пен экологиялық мәдениетті ұштастыру мақсатында ұйымдастырылған іс-шарада Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Нұрлан Жантоқов аймақта атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, «Таза Қазақстан» тұжырымдамасы аясында жүзеге асырылып жатқан жобалар жөнінде кеңінен баяндады. Ал өңірдің бас имамы Болатбек Ұласқанұлы да өз баяндамасында табиғатты аялаудың дініміздегі орнына ерекше тоқталды. Оның айтуынша, қоршаған ортаны қорғау – әрбір мұсылманның имани әрі азаматтық борышы. «Тазалық – иманның жартысы» деген хадиске сүйене отырып, Бас имам экологиялық мәдениетті тек заңмен емес, адамгершілік пен руханият арқылы да нығайту қажеттігін атап өтті.
Жиын барысында түрлі дін өкілдері экологиялық мәдениетті қалыптастыруда діни уағыз-насихат жұмыстарының әлеуеті зор екенін жеткізді. Сонымен қатар, жастарды табиғатқа жанашырлыққа баулу, мектеп пен мешіт деңгейінде экологиялық сауаттылықты арттыру мәселелері қозғалды.
Кездесу соңында қатысушылар «Таза Қазақстан» тұжырымдамасы аясында бұқаралық экологиялық акцияларды жиі өткізу, мешіттер мен діни бірлестіктерде экологиялық тәрбиеге бағытталған дәрістер ұйымдастыру, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарында экологиялық жауапкершілікті арттыруға арналған бағдарламалар әзірлеу жөнінде бірқатар ұсыныстарын білдірді.
Игі шара қатысушылардың ортақ мақсат – табиғатты қорғау жолындағы ынтымақтастығын арттыра түсті.





