Атырау облысында халал индустриясын дамыту бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Осы орайда «Еткебай» ет дүкені мен «Kaz Food Service» мекемелері ҚМДБ-ның «Халал даму» стандартына толық сәйкес келетінін растайтын жаңа сертификаттарға ие болды.
Сертификаттарды салтанатты түрде Атырау облысының бас имамы Болатбек Ұласқанұлы табыстап, кәсіп иелерін маңызды жетістікпен құттықтады. Бас имам өз сөзінде халал талаптарының сақталуы – тұтынушы сенімінің кепілі әрі қоғамдағы адалдық пен жауапкершіліктің көрінісі екенін атап өтті. Сонымен қатар, әсіресе қасиетті Рамазан айында халыққа ұсынылатын азық-түлік пен қызметтердің халал талаптарға сай болуы аса маңызды екенін жеткізді.
Шара барысында халал сертификатының маңызы, өнім өндіру мен қызмет көрсету барысында қойылатын талаптар, сондай-ақ тұтынушыларға дұрыс ақпарат беру мәселелері де сөз болды. Кәсіпорын өкілдері алдағы уақытта да халал стандарттарын қатаң сақтап, сапалы әрі адал өнім ұсынуға ниетті екендерін білдірді.




