Атырауда жас отбасыларға арналған семинар өтті

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жариялаған «Ислам және отбасы құндылығы» жылы аясында Атырау қаласы «Ықылас» мешітінде жас отбасыларға арналған семинар ұйымдастырылды.

Құран аяттарымен ашылған жиында облыстың бас имамы Болатбек Ұласқанұлы жас шаңырақ иелеріне насихат айтып:


«Отбасы – Алланың адамға берген ең ұлы нығметтерінің бірі. Жұбайлардың бір-біріне адалдығы, сүйіспеншілігі, сабыры – шаңырақтың берекесі. Исламда ер мен әйелдің міндеттері анық көрсетілген. Егер әркім өз жауапкершілігін дұрыс атқарса, ол отбасы мықты әрі үлгілі болады», – деді.

Ал «Иманғали» орталық мешітінің наиб имамы, пәтуа бойынша жауапты маман Мұрат Мұстафаев жастардың сұрақтарына жауап беріп:


«Көп жағдайда отбасыдағы түсінбеушіліктер болмашы нәрселерден немесе сабырдың жетіспеуінен туындайды. Әрбір ерлі-зайыпты бір-біріне мейіріммен қарап, кешірімді болуды үйренсе, көптеген қиындықтардың шешімі табылады. Жастар отбасылық өмірге жеңіл-желпі қарамай, оны үлкен жауапкершілік деп қабылдауы қажет», – деген пікірін білдірді.

Семинар соңында қатысушылар отбасы мәселелеріне қатысты ой бөлісіп, тәжірибе алмасты. Қатысушыларға мүфтият баспасынын шыққан еңбектер табысталды.