Атырауда зиялы қауым өкілдері мен имамдар жаназа кезіндегі ысырапшылдықтан арылуға шақырды

АТЫРАУ ОБЛЫСЫ ИМАМДАРЫ МЕН АРДАГЕРЛЕРІ ЖӘНЕ ЗИЯЛЫ ҚАУЫМНЫҢ ҮНДЕУІ

Біз, Атырау қаласы имамдары мен ардагерлері және зиялы қауым Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Ғұламалар Кеңесінің XV отырысында қабылданған «ЖАНАЗА ЖӘНЕ ЖЕРЛЕУ РӘСІМДЕРІ» атты мұсылман халқының дүниеден өту, жерлеу, ас беру дәстүрлеріне негізделген жаңа пәтуасын ел арасында жүзеге асыруды қолдаймыз әрі үндеуде айтылған мәселелерді амалға асыруға шақырамыз.

Бірінші: Садақа (құдайы ас) дастарханы барынша қарапайым болуы тиіс.

Атырау облысының мұсылман тұрғындарын және асхана мен мейрамхана басшыларын садақа асын өткізу барысында ысырапшылдыққа жол бермеуге шақырамыз. Алла Тағала Қасиетті Құранда:

«Жеңдер, ішіңдер алайда ысырап етпеңдер. Күдіксіз Алла ысырап етушілерді жақсы көрмейді» – деген (Ағраф 31)

Екінші: Жаназадан бір күн бұрын қонақасы берілетін болса, яғни күзетке көңіл айту үшін келген жекжат-жұрағатқа қонақасы дастарханын арнайы мейрамханада емес, мүмкіншілігіне қарай үйде қарапайым өткізуді ұсынамыз. Сондай-ақ таң атқанға дейін отыру міндетті еместігін хабарлаймыз. 

Үшінші: Садақа асын сөз жарысқа айналдырмау. Көңіл айтушы адам артында қалған отбасы мүшелеріне жұбату сөзін айту. Оған имаммен қоса екі адамның көңіл білдіруі жеткілікті.

Төртінші: Жамағатты жаназа намазына қатысуға, сап тысында қалмауға шақырамыз. Дәрет алып (бой дәрет яғни ғұсыл), жаназа намазына қатысу – марқұмға білдірген нағыз туыстық жанашырлықтың көрінісі болып табылады.

Бесінші: Жаназа намазы алдында митинг жасауды доғару. Өйткені ол шариғатта көрсетілмеген. Мәйітті себепсіз күттіру дұрыс емес. Алайда бір адам мәйіттің садақаларын, әрі өмір дерегін қысқаша хабарласа жеткілікті. Жаназада жыртыс беру шариғат бойынша міндетті емес.

Алтыншы: Мәйітті күттірмес үшін жаназа намазынан соң Құран оқымай бірден жерлеуге алып кеткен жөн. Құранды мәйіттің жамбасы жерге тигеннен соң оқыған абзал.

Жетінші: Қабірге қатысты ҚМДБ бекіткен пәтуаны басшылыққа алуды ұсынамыз. Қабір басына белгі ретінде құлпытас қоюға рұқсат. Қойылған құлпытасқа сурет салуға, мүсінін ойып, пәнилік көріністерді білдіретін түрлі кейіптер жасауға болмайды. Тасқа мәйіттің аты-жөнін, туылған және дүниеден өткен күнін жазуға, ай белгісін қоюға рұқсат. Құран аяттары аяқасты болып кетпес үшін жазбаған жөн. Қабір тапталып, аяқасты болмауы үшін қоғамдық зиратты тұтас қоршаған абзал.

Сегізінші: Садақаларды белгілі бір уақытта ғана жиналып асты өткізген дұрыс деп санаймыз. Мәселен үштік, жетілік қадені мәйітті жерлеген күні бірге беру, ал қырқы, жылын белгілі бір уақытта бастап, бір-екі сағатта аяқтау. Шектік беру парыз емес, мүмкіндігіне қарай берілсе сауапті іс, берілмеген жағдайда күнә емес.

Тоғызыншы: Мешіт имамдары және арнайы бекітілген молдалардан тыс дін маманын садақа және жаназа өткізуге жол бермеу.

Оныншы: Қабыр басында, көпшілік жиналған жерде ауа райына байланысты құранды ұзақ оқымау.

Он бірінші: Садақаларда имамдар уағызды ортаға сай қысқаша айтуы.

Он екінші: Қабыр басында темекі шегу, ерсіз күлу және бос әңгіме айтудың орнына мүмкіншілікке қарай насихат айту.

Он үшінші: Жоқтау айту шариғат бойынша міндетті еместігін жеткіземіз.

 Ескерту! Кейбір жерлерде садақада шанышқы, үлкен қасық, пышақ қоймау, су жатқызу қажет деген пікір бар. Алайда ол пікір шариғатта қарастырылмағанын ескертеміз.

Және мәйіттің үстінен шәй айналдыру, шеге қағу, шам жағу, айна және теледидар жабу, мәйітті ортаға қойып тәһлил айту, мәйіт астындағы топырақты қабірге апару, қара қағазды қою және т.б. осы секілді рәсімдердің шариғатта негізі жоқтығын жеткіземіз.

Алла барша амалдарымызды сауаптан жазсын! Аумин